Жаңақорған ауданына жаңа емхана қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңақорған ауданына жаңа емхана қажет

14.03.2014
Жаңақорған ауданына жаңа емхана қажет

Қызылорда облысы Жаңақорған аудандық емханасының жағдайы сын көтермейді. Осыдан 38 жыл бұрын салынған ғимаратта халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету мүмкін емес.

 
Бұл туралы жергілікті әкімшілік өңірде жұмыс сапарымен жүрген Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбековаға жеткізді.
 
Ғимарат 1976 жылы басқа мақсатта салынған. Бүгінгі күні нысана ыңғайластырылып, емхана қызметін атқаруда. Бөлмелер жеткіліксіз, оның үстіне тар, ал қыста суық. Ыстық су мүлдем жоқ, кәріздік жүйе жүргізілмеген.
 
Несібелі Аханова, Жаңақорған ауданының тұрғыны:
Қаладағыдай жағдай болса. Материалдық жағы да оңалса.  Қазақстан дамыған елдердің қатарына қосылып келе жатыр. Халыққа қызмет көрсететін медициналық мекемелердің деңгейі де соған сай болса, деп ойлаймыз.
 
Жаңақорған - өңірдегі ірі де іргелі аудандардың бірі. Оның үстіне облыс орталығынан шалғай орналасқан. 76 мың халқы бар. Сонша тұрғынға осы жалғыз емхана қызмет көрсетеді.
 
Жаңа емдеу мекемесін салу тұрғысында 2011 жылы жобалық-сметалық құжаттар әзірленген, мемлекеттік сараптамадан өткен. Алайда, ол құжаттардың мерзімі өтіп барады, ал құрылыстың әзір басталар түрі жоқ.
 
Жақсылық Абдулсәметов, аудандық емхананың бас дәрігері:
 Мемлекеттік сараптаманың мерзімі - 3 жыл. Биылғы желтоқсанда сараптама мерзімі бітеді. Егер құрылыс биыл басталмаса, келер жылы құжаттарды қайтадан бастап, қайтадан сараптама дайындау керек. Бұл біріншіден, уақыт алады, екіншіден, бюджет қаржысы тағы да шығындалады.
 
Бұл мәселе бұған дейін де айтылып, көтерілген. Денсаулық сақтау министрі жағдайды бүгін өзі келіп көрді. Ендігі шешімді жаңақорғандықтар Салидат Қайырбековадан күтеді.
 
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу