Астаналық хирург павлодарлық дәрігерлерге ота жасау әдісін үйретті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астаналық хирург павлодарлық дәрігерлерге ота жасау әдісін үйретті

04.03.2014
Астаналық хирург павлодарлық дәрігерлерге ота жасау әдісін үйретті

Павлодарда асқазан және өңештегі ісіктің асқынып, қатерлі дертке ұласуы жиілеп кетті. Облыс дәрігерлері бұндай сырқаттарға операция жасаудың жаңаша әдісін үйренді. Бұл жолы шеберлік сабағын өткізуге шетелдік емес, отандық дәрігерлер келді.

 
Асия Давлетшина өңештегі ісікті емдетемін деп үш жыл бойы қиналды. Ол қолданбаған дәрі-дәрмек жоқ. Бірақ ауру әбден асқынды. Бойын әлсіздік билеп, алқынатын болды. Сөйтіп операция жасауға келісті. Ол үшін Астанаға баруы керек еді. Сәті түсіп Павлодарға эндохирургтер өздері келді.
 
Әсия Давлетшина, емделуші:
Астанадан келген хирург Орал Оспанов операция жасады. Ризамын. Жаныма қатты батқандығы соншалық күн мен түнді айыра алмай қалатынмын. Операциядан кейін бірден жеңілдеп қалдым.
 
Медицинада бұл дерт «Баретто өңеші» деп аталады. Жалпақ тілмен жеткізсек, өңеш бастапқы бетте қабынады. Кейін ісік пайда болады. Дереу емдемесе, қатерлі дертке айналуы мүмкін. Дерекке қарағанда аймақ тұрғындарының 40 пайызға жуығы осы аурудын зардабын тартып отыр.
 
Орал Оспанов, медицина ғылымдарының докторы, эндохирург:
Павлодардағы ауруханалар озық технологиямен қамтылған. Дәрігерлердің біліктілігі жоғары. Ең күрделі деген операциялардың өзін Алматы, Астанаға апармай-ақ осында жасай беруге болады. Ол үшін тәжірибе қажет.
 
Орал Оспанов өңеш қана емес, асқазанға да «лапараскопия», яғни денені кеспей, сәл тесіп операция жасаудың жаңа әдістерін үйретті.
 
Солтанғазы Масғапов, №3-ші қалалық аурухананың хирургі:
Науқастар көп жатпайды. Бір-екі күнде үйге босатылады. Отаны жеңіл көтереді. Жалғыз біз емес, қалалық дәрігерлер, ауданнан келген дәрігерлер қатысып жатыр. Бізге үлкен көмек.
 
Кейбір азаматтар шамадан тыс семіріп, кейін арықтаудың жолын іздеп әлек болады. Бұл еліміздегі тұрғындардың 30 пайызға жуығына қатысты. Көп жағдайда ағзадағы майдан хирургиялық жолмен ғана құтылуға тура келеді. Орал Оспанов дәрігерлерге бұндай операцияның да жаңаша әдісін көрсетті.
 
 
Болат АМАНБАЕВ

Хабарламаларға жазылу