Жамбыл облысында озық тәсілмен операция жасалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында озық тәсілмен операция жасалды

04.02.2014
Жамбыл облысында озық тәсілмен операция жасалды
Жамбыл облысында тұңғыш рет жаңа әдіспен қан-тамырларын кеңейту операциясы жасалды. Сәуленің көмегімен күшейтілген жарық арқылы жасалатын емнің бұл түрі бүгінде әлемдік медицинада ең озық  тәсіл саналады.
 
Жергілікті дәрігерлер мұндай операция жасауды бірнеше ай бойы Белгия мен Чехия елдеріне барып, оқып үйреніп келді.
 
Наталья Гончароваға бұл дерттің жабысқанына 30 жылға таяпты. Аяқ астынан көзі қарауытып, өмір мен өлімнің ортасында арпалысатын сәттері жиі болатын. Жаны қысылған сәттерде қан қысымы сынап бағанасы бойынша 280 миллимтерге дейін жеткен сәттері болған. Үш сағаттан астам уақытқа созылған операциядан соң ол дертінен айықты. Қазір денсаулығы күн санап жақсарып келеді.
 
Наталья Гончарова, емделуші:
Өмірге қайта келгендей болдым. Қан қысымым он екі мүшесі сау өзге де адамдардікімен бірдей.  Мұндай жағдай менде көптен болған емес. Бұл қиындықты әрине, ең алдымен дәрігерлердің көмегімен және өмірге деген құштарлығымның арқасында жеңіп шықтым деп ойлаймын.
 
Ағзадағы қанның қысымын реттеуде ең белсенді жұмыс істейтін ағза - бүйрек. Қан қысымының жоғарылауына көп жағдайда осындағы тамырлардың бітеліп қалуы себеп болып жатады. Дерттің асқындырмаудың бұған дейінгі жалғыз ғана жолы күніне 25-30 түйір дәрі ішу болатын.
 
Ал озық тәсілге негізделеген операция кезінде науқастың сан тамырының біраз бөлігі  алынып, ол бүйрек артериясына  өткізгіш арқылы енгізілді. Әрі қарай бүйрек артериясының сағасы ішінен радиожиілілік күйдіру жүргізілді.
 
Тимур Аширов, дәрігер хирург:
Біз бүйрек арқылы нерв қатынасын жоя отырып, сүңгі-түтік қою арқылы  қан-тамырларын кеңейту әдісін қолдандық. Сөйтіп, жоғырылап кеткен қан қысымының орташа деңгейге түсуіне және жүректің дұрыс қызмет етуіне мүмкіндік жасадық.
 
Кардиоорталық  биыл жыл соңына дейін осындай тағы 40 операция жасамақшы. Бүгінгі таңда өңірде жүрек-қан тамырлары ауруына шалдыққан 8 мыңнан астам науқас арнайы есепте тұрады.
 
 Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу