Астаналық 31 жастағы Таңат Талдыбаевтың өліміне дәрігерлердің салғырттығы себеп болды дейді туыстары. Тепсе темір үзетін жігіт кешке кешкісін аурухана төсегінде қайтыс болды.
Туыстарының айтуынша, Таңат Жаңа жыл алдында басы қатты ауырып, терапевт-дәрігерге қаралады. Көзі қатты қызарып тұрғанына қарап, дәрігер конъюнктивит деген диагноз қойып, окулиске жібереді. Соған сәйкес тиісті ем-домын тағайындайды.
Бірақ, желтоқсанның дәл 31-і күні басы қатты ауырған соң, жедел жәрдем шақырып, орталық жол ауруханасына келеді. Ондағы дәрігерлер демалыс күндері компьютерлік томографияға түсіретін бөлімнің жұмыс істемейтінін айтып, 6-қаңтар күні келуін тапсырады.
Осылайша, басы шыдатпай ауырғанына қарамастан, ол үйде жатып ем-домын қабылдай береді. Бірақ, 5-ші қаңтар күні ес-түссіз құлап, аурухананың неврология бөлімінен бір-ақ шығады. «Миға қан құйылғанын растайтын рентген түсірілімі болмағандықтан, дәрігерлер тиісті емді уақытылы көрсетпеді», - дейді туыстары.
Марқұмның артында екі баласы мен аяғы ауыр келіншегі қалды. Туыстары, істі аяқсыз қалдырмай, тиісті органдарға шағымданамыз деп отыр.
Гүлнәр Талдыбаева, марқұмның қарындасы:
Дәрігерлерге ақша беріп жүріп, ауруханаға әзер жатқыздық. Бірақ, бұл кезде бәрі кеш еді. Дәрігерлер екінші рет тағы да инсульт алатынын айтты. Расымен де келесі күні оның жағдайы нашарлап, жансақтау бөлімінен бір-ақ шықты. Сол күйі есін жиған жоқ.
Дәрігерлерге ақша беріп жүріп, ауруханаға әзер жатқыздық. Бірақ, бұл кезде бәрі кеш еді. Дәрігерлер екінші рет тағы да инсульт алатынын айтты. Расымен де келесі күні оның жағдайы нашарлап, жансақтау бөлімінен бір-ақ шықты. Сол күйі есін жиған жоқ.
Қуат Манабаев, орталық жол ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:
Науқас өзінің қан айналымы жүйесінде туабітті ақау бар екенін білмеген. Бұл ми-қан тамырларының аневризмасы деп аталатын диагноз. Бірақ, ол ауруханаға түскенде біздің дәрігерлік бригада қолдан келген көмектің бәрін жасады. Алайда, бұл дұрыс күтінбесе, аяқ астынан өршіп кететін, өте сирек кездесетін диагноз.
Шынар АСАНҚЫЗЫ