Құқық қорғау органдарының қызметкерлері енді «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелде тегін оқи алады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құқық қорғау органдарының қызметкерлері енді «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелде тегін оқи алады

08.04.2019

«Болашақ» бағдарламасына жаңа санат қосылды. Енді құқық қорғау органдары қызметкерлері де шет елдерде тегін оқи алады. Талапкерлер әлем мемлекеттеріндегі үздік технологиялар және қылмыспен күрестің заманауи әдістерін үйренеді.

Еркін шет елде тәжірибеден өтуге үміткер. «Егер іріктеуден сүрінбесем, халықақаралық құқықтық қатынастар және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағытының бірін таңдаймын»,-дейді. Қазір сол мақсатта талмай талаптанып жүр. Қолы қалт етсе, кітапханаға келеді. Оқуға әскери прокуратурадан ынта танытқан әзірге жалғыз өзі.

Еркін Қожахмет, Бас әскери прокурордың аға көмекшісі:

- Мен екі мемлекетті таңдадым. Сингапур мен Грузия мемлекеттері.

Тағылымдамаға прокуратурадан басқа полиция, экономикалық тергеу қызметі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы органдарының қызметкерлері бара алады. Елудей үміткер құқықтық салада үлгі боларлық елдерде біліктілігін жетілдіреді. Тұңғыш рет.

Дәулет Рысқұлов, Құқық қорғау органдары академиясы Халықаралық ынтымақтастық басқармасының басшысы:

- Бұл - біздің қызметкерлер үшін бірегей мүмкіндік. Себебі адам құқығының сақталуы мен қылмыстың алдын алу қашанда жаһандық маңызға ие. Осы ретте мамандарымыз Еуропа, ТМД және АҚШ-та тегін тәжірибеден өтіп, біліктілігін тереңдетеді.

Сала мамандарын жыл сайын жетілдіру көзделген. Себебі ұлттық қауіпсіздік, ішкі тәртіп және оның сыртында терроризм мен экстремизм сияқты бағыттарды бағамдап отыру – басты ұстаным.

Нысаналы ЫҒЫЛ

Хабарламаларға жазылу