Қазақстанның төрағалығы кезінде Арал қорына $170 млнға жуық қаржы тартылды
Қазақстанның Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалығы кезінде өңірдегі су жобаларына 170 миллион долларға жуық қаржы тартылды. Екі жылдық жұмыс Шымкентте өткен Қор басқармасының қорытынды отырысында айтылды. Дүниежүзілік банкпен бірлескен су ресурстарын тиімді пайдалану жобасына 20 миллион доллар, REMIT бағдарламасына 145 миллион 200 мың доллар бөлінген. Француз даму агенттігі де 2 миллион еуро көлемінде грант ұсынды. Бұған қоса, халықаралық ұйымдармен 13 меморандум мен келісім жасалды. Ендігі кезекте суды үнемдеумен қатар, оның есебін түгендеу маңызды. Сондықтан Сырдария алабындағы су есебін автоматтандыру жоспары әзірленеді. Оған өзен алабындағы елдердің өкілдері қатысады. Келер жылдан б бастап Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық ету Өзбекстанға өтеді.
Далер Абдухалок, Тәжікстан Республикасы Энергетика және су ресурстары министрлігі басқармасының басшысы:
Орталық Азияда су мәселесі өңір дамуының барлық дерлік саласы үшін өзекті. Сондықтан Аралды құтқару халықаралық қорының тиімді қызметі мемлекетаралық ынтымақтастықтың маңызды тетігі болып саналады. Қазақстан төрағалығы кезінде Қордың тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуге және оның басқару құрылымын жетілдіруге бар күш-жігерін жұмсады. Алдағы уақытта өңірлік су саласындағы ынтымақтастығымыз су ресурстарын барша Орталық Азия халықтарының игілігі үшін ұтымды әрі тиімді басқаруға мүмкіндік береді деп сенеміз.