Павлодардағы мектепте бата беруге үйрететін сынып ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодардағы мектепте бата беруге үйрететін сынып ашылды

29.03.2019

Павлодардың Бауыржан Момышұлы атындағы мектебінде балаларды бата беруге үйрететін сынып ашылды. Оған бастауышта оқитын 900-ден астам оқушы қатысады. Негізі қазақ халқы батаны жөні мен жолы бөлек, тәлім-тәрбиеге толы бабалар ғұрпы деп біледі. Ал, ерекше сыныпты ұйымдастырушылар жастайынан бата жаттап өскен бала өскенде арлы азамат, батагөй ақсақал болады деп санайды.

Бата үйрету сабағы үнемі осылай басталады. 

Сауаты болмаса да, ақ батасынан жаңылмаған абыз аталардың ұрпағы - бұл. Батаны бүгінде кейбіреулер наным-сенімге қатысты десе, кейбіреулер өнер деп бағалайды. «Тіпті, тілек деп шатастырады, бірақ батаның жолы да, жөні де бөлек»,-дейді ерекше сыныпты ашқан Секербек Айтқалиұлы.

Секербек Айтқалиұлы, ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері:

- Мүмкін 1-сыныптан батагөй қылып үйретсек, ең тәуір сөздер, тәтті, ең киелі, құралай сөздерді құлағына сіңіріп, ішкі жан дүниесі тазарып, жақсы оймен өседі деп ойлаймын.

 Ертеден келен жатқан ата салтының жаңғырғанына ата-аналар қуанышты. Олар ай сайын кезекпен келіп, балалардың бата беру тестіне қатысады.

«Батамен ел көгерер, жаңбырмен жер көгерер» деген ұлағатты елдің баласы бата үйренсе, халқына ізгіліктің нұрын шашады»,- дейді үлкендер.

 Болат АМАНБАЕВ

Хабарламаларға жазылу