Дуалды оқыту жүйесі өз жемісін беруде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дуалды оқыту жүйесі өз жемісін беруде

29.03.2019

Бұл бағдарламаның енгізілгеніне 10 жылға таяды. Бүгінде аймақтағы 15 білім беру ошағында 712 студент түрлі мамандық бойынша жекелеген кәсіпорындарда тәжірибеден өтіп жатыр.

Дуалды оқыту бағдарламасы бойынша өндірістік іс-тәжірибеден өтетін жас жарты жыл бойы өзі бекітілген кәсіпорында еңбек етеді. Айгерім Талғатқызы да қатардағы қарапайым студент еді. Екіжақты білім алудың арқасында армандаған мамандығының иесі атанды. Бүгінде ірі мұнай кен орнында ұңғымаларды бақылаушы оператор болып жұмыс істейді.

Айгерім Талғатқызы, мұнайшы:

- Атам мұнайшы болды. Ол Сирия мен Дамаскде инженер болып 3 жыл бойы жұмыс жасады. 

Жұмыс беруші мекемелер түлектердің қарым-қабілетін жоғары бағалайды. Сол себепті сұраныс та жоғары. Өткен жылы өңірдегі кәсіпорындар 209 студентке грант бөліп, 86-сына шәкіртақы тағайындаған.

Қайнар Қоданов, мұнай кенішінің бас инженері:

- Бұл жерде олар өздерінің теориялық білімдерін практикалық жағдайда қарап, өздерін шыңдайды. Солардың ішіндегі ең үздіктерін біз жұмысқа қабылдаймыз.

Бастысы бәсекеге қабілетті білікті маман дайындау. Осыны мақсат тұтқан мына жоғары колледж 40-тан астам компаниямен келісімшартқа отырған.

Бақытжан Мұрынов, «Apec Petrotechnic» жоғары колледжінің оқытушысы:

- Біз оқушыға алғышартын түсінікті әрі нақты теориялық және практикалық іс-әрекеттер арқылы үйретеміз. Студент кәсіпорынға барған кезде негізгі физикалық процестердің негізін түсініп барады.

Халықаралық оқыту талаптарына сай келетін колледж студенттерге жаңа мүмкіндіктер береді. Атап айтқанда, әлемдік озық тәжірибеге негізделген IPO стандарты бойынша құзіреттілік статусын алмақ.

Ермек Күзенбаев, «Кәсіпқор» коммерциялық емес АҚ төрағасы:

- Бұл өз кезегінде осы АПЕК-ті бітірген студенттерге мемлекеттік үлгідегі дипломмен қатар, халықаралық стандартқа сай IPO-ның сертификатын беруге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде студенттерге әлемдегі барлық мұнай-газ компанияларында жұмысқа тұруға мүмкіндік береді.

Негізгі мақсат - еліміздегі шетелдік кадрларды отандық мамандармен алмастыру. Дуалдық оқыту - бұл белеске жеткізетін негізгі тетік. Осы бағытта аймақтағы оқу орындары 90-нан астам кәсіпорынмен 100-ге жуық келісімшарт жасасқан.

Жандос ТЕМІРҒАЛИ

Хабарламаларға жазылу