Қазақстан жастарының үздік жобалары анықталды. Елордада «Смарт жолы» бағдарламасы аясында болашағы бар деген IT саласына қатысты 10 жоба іріктеліп алынды. Бастама авторларын марапаттау рәсіміне Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев қатысып, жас ғалымдарды жетістіктерімен құттықтады.
Мұндай шара 3 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Сол үш жыл ішінде қатысушылардан 230 өтінім келіп түскен. Былтыр 18 қазақстандық команда өз жобаларын халықаралық деңгейде, Сингапурде қорғап шыққан еді.
Нәтижесінде олар ісін дамытуға инвестиция алды. Биылғы сайысқа 60-тан астам команда қызығушылық білдірген. IT бағдарламаға қатысушылардың барлығы – ағылышын тілін жетік меңгергендер.
Қуаныш Әбішев, «Smart Zholy» бағдарламасына қатысушы:
Біз Алматы Менеджмент университетінен келдік. Осы «Smart Zholy» бағдарламасына жоба тапсырғанбыз. Жобаның аты – «Петонист». Негізінде оның мақсаты - балаларды программалауға үйрету және нәтижесін қадағалау. Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, цифровизация. Бұл балалардың ІТ қабілетін көтеру. Бұл өте керек бағдарлама деп ойлаймын. Біз кем дегенде оны өз университетімізде осы күзден бастап енгізейін деп жатырмыз.
Фариза МҰСАҚЫЗЫ