Олар «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының мұрындық болуымен дәстүрлі «Наурыз кездесулері» шарасына қатысуда. Биыл шара «Ғарыш. Ғылым. Интеллект» деп аталған.
Кездесудің Қызылордада өтуі тегін емес. Қатысушылар жер кіндігі - Байқоңыр ғарыш айлағында болды, жас ғалымдар арнайы мамандардың дәрісін тыңдады. Аэроғарыштық инженерияның өзекті тақырыптары бойынша 80-ге жуық ғылыми жоба қорғалды. Үздік жобалар кешенді түрде жүзеге асырылады.
Айдын Айымбетов, ұшқыш-ғарышкер:
- Еліміздің болашағы - жастар. Мен дарынды балаларды көріп, небір технологиялық жобаларды жүзеге асыра алатынына көзім жетті. Аспан денелерінің және ғарыш аппараттарының 3D модельдері, орбиталық станциялардың жобалары, әмбебап борттық құрылғылар, көпфункционалды зымырандар және инновациялық технологияларды қолдану жобалары бар. Жастар болашақты өздері жасауда. Біз қолдаймыз.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ