Сыр жастары Ресей университеттерінде тегін білім алады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сыр жастары Ресей университеттерінде тегін білім алады

01.02.2019

Сырбойылық жастардың Мәскеу мен Санкт-Петербургтің озық оқу орындарында тегін білім алуына мүмкіндік бар. Ол үшін Ресей Федерациясы үкіметі мен облыс әкімі тарапынан арнайы грант бөлінген. Жастар бұл қамқорлыққа дән риза. Игі бастамамен өзге елде білімін шыңдап, кәсіби маман атанып, елге келген жастардың алғашқы легі туған жерді түлетуге атсалысуда.

Гүлсезім Жаңақорған ауданындағы күкірт қышқылы зауытында жұмыс істейді. Ол Мәскеуде электроника және наноэлектроника мамандығы бойынша білім алған. Өзге елде алған білімін өз елінің өркендеуіне арнаған жас маман аймақ экономикасын еселеуге атсалысуда.

Гүлсезім Раушан, күкірт қышқылы цехының инженері:

- Біз қазір күкірт қышқылы зауытына «Үнемді өндіріс» жобасын енгізіп жатырмыз. Мен қазір осы «Үнемді өндіріс» жобасына байланысты блок-схема жасап жатырмын.

Ресейдің маңдайалды оқу орындарында инженер мамандығын меңгеріп, диплом алған 74 сырбойылық жастың 45-і білімін әрі қарай жалғастыру үшін магистратураға түссе, қалғаны елге оралды. Олардың барлығы тұрақты жұмыспен қамтылды. Жазира Смаилова да осы күкірт қышқылы зауытында еңбек етеді. Жазира облыс әкімінің гранты есебінен Санкт-Петербургте білім алды.

Жазира Смаилова, инженер-технолог:

- Күкірт қышқыл зауытында инженер-технолог болып жұмыс істеймін. Осындай мүмкіншілік бергеніне қуаныштымыз.

Былтыр Сыр елінің 60-тан астам мектеп түлегі Мәскеу ұлттық технологиялық зерттеулер университетіне, Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университетіне, Санкт-Петербург мемлекеттік индустриалды технологиялар және дизайн университетіне, Иннополис университетіне және Мәскеу энергетика институтына түсті. Оған қоса, аз қамтылған отбасылардан шыққан мектеп түлектеріне бөлінетін грант саны екі есеге артты. Оның 70 пайызы ІТ саласына бағытталған. Ал, биыл 150 жас маман оқуын аяқтап, елге келеді, туған жерді түлетеді.

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу