24 жылда «Болашақпен» 10 мыңнан астам қазақстандық оқып келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

24 жылда «Болашақпен» 10 мыңнан астам қазақстандық оқып келді

04.12.2017

Халықаралық сарапшылар ерекше атап өтетін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен іске асырған аса маңызды жобаларының бірі - «Болашақ» бағдарламасы. 1993 жылдан бастап ел жастары мемлекет қаржысымен шетелде білім алуға жіберіле бастады. Бүгінде халықаралық бағдарлама түлектерінің саны 10 мыңнан асып-жығылады. Олар экономика, денсаулық сақтау, білім және басқа да салаларда табысты еңбек етуде.

Бағдарлама қабылданғаннан бері 24 жылдың ішінде «Болашақ» бойынша шетелде 10 мыңнан астам қазақстандық оқып келді, қазір де 1 258 жас АҚШ, Еуропа, Жапония, Қытай мемлекеттерінің алдыңғы қатарлы университеттерінде білім алып жатыр. Мемлекеттің берген мүмкіндігін пайдаланғандардың бірі - Ерасыл Бақытжанов. Ол Лондондағы Queen Mary университетінің түлегі.

Ерасыл Бақытжанов, «Болашақ» бағдарламасының түлегі:

- «Болашақ» бағдарламасы таптырмас мүмкіндік. Алдыма қойған мақсатымды сәл жоғарылатып, өзіме деген сенімділігімді арттырды.

Жалпы, шетелде мамандар оқыту ежелден бар. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Жапония жас мамандарын Америка мен Европада оқытты. Олар кейін «Жапон ғажайыбының» авторлары атанды. І Петр дворян жастарын Италия, Голландия және Англияға оқуға жіберді. Олар елге оралып, қала салды, кеме жасап, күшті флот құрды. Аристократтар өз қаражатына оқыды. Ал, Қазақстан мемлекет есебінен жастарға әлемнің үздік университеттерінде тегін оқуға мүмкіндік беріп отыр.

Дархан Ахмедиев, «Болашақ» бағдарламасының түлегі:

- Шетелде үйренген пайдалы нәрселерді Қазақстанға ыңғайлы жолын тауып, қолданудамыз.

Болашақтықтардың 74% -ы мемлекет мекемелерінде жұмыс істейді. 24 жыл ішінде білім алған 10 мың студенттің тек 68-і ғана оқу үлгерімінің төмендігінен оқудан шығарылған. Бұл мемлекеттік жобаға тек білімімен ерекшеленгендер ғана лайық екендігін көрсетеді.

Жанболат Мелдешов, Халықаралық бағдарламалар орталығының президенті:

- Әрине, «Болашақ» бағдарламасының түлектеріне сұраныс өте жоғары. Басым көпшілігі басқарушы қызметте жұмыс істейді. Қазақстанның адами капиталының дамуына және потенциалының жоғарылауына үлесін қосқан.

Болашақ бағдарламасы білектің емес, білімнің заманында әлемдік көштен қалмаудың жолын ашты. Жастарымыз жаһанның соңғы жаңашылдықтарын бойларына сіңіріп, бүгіннің талабына сай білім алып жатыр. Елбасының бұл бастамасы Қазақстанды дамыған елдердің тізіміне енгізуге даңғыл жол салды.

 

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу