Атыраудағы мұнай-газ саласы мамандарын даярлайтын колледж еліміздің ең үздік білім ұйымдарының қатарында
Елбасы өткенде жастармен кездесуде, сосын кешегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында халықаралық талаптарға толық сай келетін, барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген университеттер мен колледждер құруды тапсырды. Мақсат - айқын. Нарыққа қажетті, бәскеге қабілетті, білікті мамандарды даярлау. Осы орайда кәсіпорындармен тығыз жұмыс істеп, оларға қажетті мамандар ұсынып отырған оқу орындары жоқ емес. Соның бірі Атыраудағы АПЕК колледжі құрылған 6 жылдың ішінде 1 мыңға жуық білім алып шыққан. Әлемдік бәсекеде тайсалмайтын дайын кадрларды, алпауыт компаниялар лезде жұмысқа алады. Өйткені, мұндағы оқу процесінде зауыттағыдай жағдай жасалып, зертханалық бөлмелер заманауи құрылғылармен жабдықталған.
3-курс студенті Бексұлтан биыл оқуын тәмәмдайды. Ол өзі қалаған кәсіпорында жұмыс істейтініне сенімді. Өйткені, оқу кезінде тәжірибесі толысқан жас іске келгенде тосылмасын біледі.
Бексұлтан Қайырболатов, «Apec Petrotechnic» жоғары колледжінің студенті:
- Бұл колледждан тек қана техникалық жағынан білім алған жоқпыз, сонымен қатар, техникалық ағылшын тілін үйрендік. Болашақта мұнай компаниясына кіріп, мамандығым бойынша елімізге пайдамызды тигізіп, жастармен білімімді бөліскім келеді.
Мұнда мұнай-газ саласына қатысты 6 мамандық бойынша 860 студент білім алуда. Оларға сұраныс жоғары. Оқу орны 35 компаниямен келісімшартқа отырған.
Шәкіржан Мырзағалиев, колледж директорының орынбасары:
- Оқудың бұл түрі -дуалдық оқыту жүйесі. Яғни, әріптес кәсіпорынмен біздің оқу орны, бітіріп маман болып шығатын студенттердің білімімен дағдысына бірдей жауапты. Бізде 20 пайыз теориялық білім алса, 80 процентін студенттер өндірісте тәжірибеден өтеді.
Оқуға қажетті өндірістік құрылғылардың басым бөлігі Италия мен АҚШ-тан әкелінген. Студенттерге заманауи технологиялардың қыр-сырын отандық мамандармен қатар, шетелдік оқытушылар үйретеді. Өз кезегінде, Елбасы әр өңірден 10 колледжді алдыңғы санатты етуді тапсырды.
Оқу орнының мақсаты - өндірістегі шетелдік кадрларды отандық мамандармен алмастыру. Бүгіннің өзінде колледж түлектерінің 90 пайыздан астамы жұмысқа орналасқан.
Жандос ТЕМІРҒАЛИ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
