Биыл ШҚО-да жоғарғы білім алуға облыс әкімінің білім гранты бөлінді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл ШҚО-да жоғарғы білім алуға облыс әкімінің білім гранты бөлінді

25.10.2018

Биыл Шығыс Қазақстан облысында 400 мектеп түлегі жоғарғы оқу орнына облыс әкімінің білім грантымен түсті. Жергілікті бюджет есебінен оқытатын «Білікті маман» бағдарламасы өңірде былтырдан  бері іске асып келеді. Өткен жылы 200 балаға тегін оқу бұйырды. Жобаның басты мақсаты – білім қуып шетелге кетіп жатқан жастардың қатарын азайту.

Биыл облыс әкімінің гранты арқылы Өскемендегі Мемлекеттік университетке түскен Александра Белюкова 4 жыл бойы тегін білім алады. Оның оқуының ақшасы облыстық бюджет есебінен төленеді. «Осындай грант үшін шекара асқанша, елде оқығанды жөн көрдім», - дейді ол.

Александра Белюкова, 1-курс студенті:

- Мектепте оқып жүргенде, өз қаламда қалып, осы университетке оқуға түсуді қалап жүрдім. Мұндай мүмкіндік туды, қазір міне 1-курс студентімін. Облысымыздың басқа аудандарынан келген студенттерге жатақханадан орын берілді. Шәкіртақы аламыз.

Сондай-ақ, биыл алғаш рет жергілікті бюджет есебінен 46 түлекті жоғарғы оқу орнында оқытуға  мемлекеттік тапсырыс түсті. Осылайша, оңтайлы шешімдердің нәтижесінде бір жылда ғана өңірден өзге елге білім іздеп кеткен жастар саны азайды.

Қажымұқан Оспанғалиев, облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Шығыс Қазақстан облысындағы мектеп бітіруші түлектердің шет елдің жоғарғы оқу орындарына кету көрсеткіші азайып келе жатыр. Егер 2016 жылы мұндай көрсеткіш 1800 адамды құрайтын болса, былтырғы атқарған іс-шараның нәтижесінде, 890-ға жетті. Ал, биыл осы гранттардың, мемлекеттік білім беру тапсырыстарының көбеюінің арқасынд, 636 орынға азайып отыр.

Жергілікті қазынадан қаржыландырылатын білім гранттары аймақтағы сұранысқа ие мамандықтарға бөлінген. Техникалық, педагогикалық және технологиялық бағытта кадр даярлауға ден қойылып отыр. Жаңа мамандықтар да ашылған. 

Мұхтар Әділбекұлы, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ ректоры:

- Қазіргі таңда мектептерде, әсіресе, шағын жинақты мектептерде робототехника кабинеттері ашылып жатыр. Ал, оған тиісті мамандар қажет.  Компьютерлік мехатрониканы осы мақсатта аштық. Оған әкім 10 грант бөлді. Сонымен қатар, цифрлық гуманитаристика деген мамандық ашылды.

 «Білікті маман» жобасы бойынша грантка тек осы аймақтағы мектептердің түлектері ие болады. Бағдарламаға студенттердің 4 жыл оқуын түгел есептегенде, барлығы 5 миллиард теңгеден астам қаржы қаралмақ.

 

Берік КӨШЕРБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу