Елімізде Академиялық адалдық лигасы құрылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде Академиялық адалдық лигасы құрылады

28.08.2018

Елімізде ректорлар корпусының Академиялық адалдық лигасы құрылмақшы. Бұл туралы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов мәлімдеді. Енді университеттер мен институттар меншік формасына қарамай білім сапасын арттыру бойынша күш біріктіреді. Лига жұмысының негізгі мақсаты - оқу үдерісін орайлы ұйымдастыру, мемлекеттік және жеке қаржыларды реттеудегі адалдық, академиялық бағдарламалардың сапасы, ақпараттың ашықтығын қамтамасыз ету.

Мұндай тәжірибені дүниежүзінің дамыған елдері кеңінен пайдаланады. Лиганы құруда ғалымдар Қытай, АҚШ, Ұлыбритания тәжірибесін қарастырған. Айта кету керек, Мемлекет басшысы үнемі ұлттық және жетекші университеттер «ғылым мен технологияның, инновацияның локомотиві» болуы керектігін алға тартатын. Бұл сол тапсырманы орындаудағы алғашқы қадам саналады. 

Ерлан Сыдықов, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры:

- Әрине, біз лигаға оқу орындары жапатармағай кіре береді деп ойламаймыз. Әр істе өлшем, талап керек. Мықтылардың мықтысы, жауаптылардың жауаптысы – лига талабының негізі. Біз әлемдік жарысқа Қазақстан жоғары мектебі атынан шығатын боламыз. Бұл – әрі мақтаныш, әрі зор жауапкершілік. Лигаға енген ЖОО түлектері еңбек нарығы мен қызмет карьерасында «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» болатынына сенімдіміз.

Альбина ӘШІМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу