Ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы күні 14 мың түлек сынақтан өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы күні 14 мың түлек сынақтан өтті

20.06.2018

Ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы күні, яғни, бүгін 14 мың түлек сынақтан өтті. ҰБТ әдеттегідей таңғы 9-да басталып, 3,5 сағатқа созылды. Осы уақыт аралығында әр мектеп бітіруші 120 сұраққа жауап беріп үлгеруі тиіс. Бүгін Астана мен Алматы қалалар түлектерінің бағы сыналуда. Елордада тестілеу Аграрлық-техникалық университет ғимаратында ұйымдастырылды. Түлектерге сәттілік тілеп келген Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев сынақтағы сауалдардың қиын болмайтынына сендіріп, жастарды қолдауға тырысты. Жалпы, биыл ел бойынша түлектердің 70 пайызы, санмен айтсақ, 102 мыңдайы ҰБТ тапсыруға өтініш білдірген. Биылғы тестілеудің форматы өзгермеген. Алайда, сұрақтардың сапасы мен құрылымына үлкен мән беріліп отыр. Осы жылы тест тапсырушылардың саны былтырғыдан 10 мың адамға артығырақ. Сондықтан, жалпыұлттық сынақ маусымның 20-нан шілденің 1-не дейін жалғасады. Ал, ҰБТ қорытындысын биыл үйден шықпай-ақ интернет арқылы да білуге болады. Айта кетейік, ең жоғарғы балл – 140, ал, ең төменгі меже – 50 балл. Ал, Ұлттық университеттерге түсу үшін түлектер кемі 65 балл алу керек. 

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Биыл былтырғы жылы сияқты балалар сынақтан өте алмай қалса, олардың тағы бір мүмкіндігі болады. Сосын ЖОО-да оқып, жылдың басында тағы бір  рет ҰБТ-дан өту мүмкіндігін беріп отырмыз. Жыл сайын ЖОО-на түсетін балалар саны өсуде. Биыл қосымша 20 мың грант бөлінді.

 

Альбина ӘШІМ 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу