ШҚО-ның дарынды оқушылары аймақ басшысымен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-ның дарынды оқушылары аймақ басшысымен кездесті

14.06.2018

Шығысқазақстандық оқушылар соңғы 1 жылда халықаралық және республикалық білім  сайыстарында 157 медаль ұтып алды. Олардың 35-і алтын, 55-і күміс. Өңірдегі дарынды балалар 7 рет өзге мемлекеттерде өткен олимпиадаларға  қатысып, ел қоржынына 40-қа жуық медаль салыпты. Жастардың осы жетістіктері аймақ басшысымен кездесуде қорытындыланды. Жиында түрлі зияткерлік сайыстар мен білім додалары, спорттық жарыстар мен шығармашылық байқаулар жеңімпаздары бас қосты. Шығыс Қазақстанның оқушылары республикалық ғылыми жобалар байқауында да топ жарды. Сондай-ақ, биылғы жылдың «ең үздік команда» атағын жеңіп алды. Жас өнерпаздар да намысты қолдан бермей келеді. Кездесу еркін пікір алмасу түрінде өтті. Бұл күні тек балаларға емес, олардың ұстаздарына да сый-құрмет көрсетілді. Сонымен қатар, барлық оқушыларға жазғы лагерьде демалуға тегін жолдама табысталды.

Альмира Абзалбекова, Республикалық олимпиада жеңімпазы:

- Кез келген оқушы үшін, бәлкім бала үшін өзі жеткен жетістігінде үлкендер қолпаштап, құрмет көрсетіп жатса және өздерімен тең дәрежеде сырласып, сұхбаттасса, оларға одан артық қолдау керегі жоқ деп ойлаймын. Ал, біздің мемлекетіміз және де облысымыз осындай бірегей мүмкіндік беріп, біздің дарынды балаларды қолдап отыр. Келешекте бұл сіздер артқан сенімді ақтау үшін үлкен бір талпыныс пен үміт болмақ.

Нұрлыхан Көпенов, «Жылдың үздік оқушысы» аталымының жеңімпазы:

- Өткен жылы химия пәнінен Менделеев атындағы олимпиадада қола медельға ие болдым және ол мен үшін өте керемет мәртебе. Осы жылы маған «ең үздік оқушы» атағын беріп отыр, соған өте қуаныштымын.

 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу