Елбасы ЕҚДБ басшысымен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы ЕҚДБ басшысымен кездесті

06.06.2018

Қазақстан Президенті Еуропа қайта құру және даму банкінің президенті Сума Чакрабартимен кездесті. Кездесу Шетелдік инвесторлар кеңесінің 31-пленарлық отырысы басталар алдында өтті. Келіссөз барысында тараптар инвестициялық ынтымақтастық және бірлескен жобаларды жүзеге асырудың перспективалары жөніндегі мәселелерді талқылады. Мемлекет басшысы Шетелдік инвесторлар кеңесінің жұмысына қатысқаны үшін Сума Чакрабартиге ризашылық білдіріп, осындай екіжақты кездесудің дәстүрлі сипат алғанын айтты.

Қазақстан Президенті қазіргі уақытта елімізде бірлескен инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Сума Чакрабарти Қазақстанда инвестициялық белсенділікті ынталандыру үдерісіндегі Шетелдік инвесторлар кеңесі басқосуларының тиімділігі мен маңыздылығы және мемлекет пен бизнес арасындағы сындарлы диалогтың дамуы жөнінде айтты.  

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Осы жылдар ішінде Қазақстанға 7 миллиард доллардан астам инвестиция тартылды. Қазір сіздер Қазақстанмен ынтымақтастықтың еларалық бағдарламасын қабылдадыңыздар. Ірі инфрақұрылымдық бағдарламалар іске асырылуда. Шағын және орта бизнестің дамуына жол ашылды және аграрлық кешенді қолдау ісі өзекті болып қала береді.

Осы инвестициялық форум аясында Мемлекет басшысы «Royal Dutch Shell» концернінің бас атқарушы директоры Бен ван Берденмен де кездесті. Шетел инвесторларының пленарлық отырысынан кейін болған кездесуде тараптар екіжақты әріптестік пен стратегиялық серіктестік жайын талқылады.

 

Ғабит ҰЗАҚБАЙ

Хабарламаларға жазылу