«Білікті мамандарды ғылымға бейімдеуді мектеп қабырғасынан бастаған жөн».
Бұл - Қазақстан жас ғалым-педагогтарының республикалық слетіне қатысқан оқытушылардың ортақ ойы. Олардың сөзінше, елімізде оқушыларды ғылымға ерте бастан дайындау дәстүрін қалыптастыру үшін әуелі педагогтардың өзін ғылыми жұмыстармен тұрақты айналысуға үйрету керек. Өйткені, қазір ұстаздарды дайындайтын оқу орындарын бітірген мамандардың басым көпшілігі ғылыми ізденістермен айналыса алмайды.
Сондықтан, олар шәкірттеріне жол көрсетудің жолын білмейді. Оған біріншіден, жаратылыстану саласында заманауи технологиямен жабдықталған зертханалардың болмауы қолбайлау болса, екіншіден, қоғамдық ғылымдар саласында тың тақырыптарға тәуекел ету жағы кемшін. «Жалпы, бұл олқылықтың орнын толтырып, ғылымды жүйелеу үшін Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен бес әлеуметтік бастамасын негізге алып, жаңа жобалар дайындау қажеттілігі туындап отыр», - дейді мамандар.
Гаухар Алдамбергенова, Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры:
- Тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған бұл слеттің мақсаты - еліміздегі жас ғалымдардың білім саласындағы өзіндік ғылыми ізденістерін ортаға салып, диалог алаңын құру. Сонымен қатар, осы слетта жас ғалымдардың басын біріктіру - ең басты мақсатымыз.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ
«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.