ТМД ғалымдары Қазақстанда зерттеу жүргізеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ТМД ғалымдары Қазақстанда зерттеу жүргізеді

28.02.2018

ТМД аумағында қызмет көрсету түрлері еркін саудаға түсуі тиіс. Яғни, қызмет көрсету саласындағы компаниялар енді ТМД-ның кез келген еліне барып жұмыс істей алады деген сөз. Алайда, бұл мәселені Достастық елдерінің сарапшылары 6 жылдан бері талқылап келе жатқанымен, арнайы келісімге әлі қол қойылған жоқ. Сондықтан, осы құжаттың жай-жапсары енді министрлер деңгейінде қаралады. Бұл туралы Мәскеу-Астана-Минск-Баку-Бішкек және Ереван қалаларының арасында өткен бейнебайланыс кезінде айтылды. ТМД Атқару комитеті Экономикалық ынтымақтастық департаментінің директоры Андрей Кушниренконың пікірінше, осы және өзге де мәселелер бірнеше күннен соң Экономикалық Кеңесте арнайы қаралады. Жиында сонымен қатар, ТМД мемлекеттерінің инновациялық саладағы ынтымақтастығы да талқыға түседі. Бұл бағыттағы алғашқы бірлескен жоба Қазақстанда іске асады деп жоспарланып отыр. 

Андрей Кушниренко, ТМД Атқару комитеті Экономикалық ынтымақтастық департаментінің директоры:

- ТМД елдерінің алдағы 3 жылға арналған зерттеу бағдарламасы бар. Ол жоба Қазақстандағы термоядролық реакторда іске асады. Жоғары температуралы плазмаға арналған бұл қондырғы қазір жұмыс істеп тұр. Енді ТМД елдерінің ғалымдары алдағы 1-2 аптаның ішінде бірлескен зерттеуді бастайды.

 

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу