ЖОО-да білім алатын шетелдік студенттердің қатарын мемлекеттік бюджет есебінен көбейту керек - Асхат Аймағамбетов - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ЖОО-да білім алатын шетелдік студенттердің қатарын мемлекеттік бюджет есебінен көбейту керек - Асхат Аймағамбетов

31.01.2018

Қазақстанның жоғарғы оқу орындарында білім алатын шетелдік студенттердің қатарын мемлекеттік бюджет есебінен көбейту керек. Осылайша, отандық оқу орындары өңірлік хабқа айналуы тиіс. Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов осындай пікір білдірді. Бұл ойын ол «Жоғарғы білім беру жүйесінің даму перспективалары» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында айтты. 

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым вице-министрі:

- Бізде қазіргі таңда барлық студенттердің 2 пайызы ғана шетел азаматтары. Жақын арада біз бұл көрсеткішті 5 пайызға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Дамыған елдерде ол 20 пайызға дейін жетеді.

Қазіргі таңда Парламентте университеттердің академиялық және басқару дербестігін кеңейту бойынша заң жобасы қаралып жатыр. Мәжіліс депутаттары мен сала мамандары осы жиында пікір алмасып, Назарбаев Университетінің озық тәжірибелерімен танысты. Алдағы уақытта мемлекеттік грантқа бөлінетін қаржы көлемі өзгеруі мүмкін. Себебі, ол 5-6 жыл бұрын бекітілген. Жыл сайын инфляция білім беру ұйымдарының табысын азайтқан. Енді оны айлық есептік көрсеткіш бойынша беру қарастырылып жатыр. Магистранттар мен студенттердің стипендиясын да осы жүйе бойынша беру ұсынылуда. 

Әбдіманап Бектұрғанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: 

- Шәкіртақы оқып жатқан азаматтардың әлеуметтік жағдайына қатты әсер етеді. Қазіргі таңда ол ең төменгі күнкөріс деңгейіне де жетпейді. Сол себепті бүгінгі нақты жағдайға байланысты қайта қарау керек.

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу