![1-сәуірден бастап азаматтық қызметкерлердің жалақысы өседі (толығырақ)](https://cdn.qazaqstan.tv/old/articles/6/article_68327.jpg?w=928&h=522&format=jpg&resize=aspectfill&g=center)
Республикалық бюджет шығыстарының көлемі бекітілген мөлшерден 408 миллиард теңгеге артады. Бүгін Сенат 2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджетке енгізілген түзетулерді қабылдады.
Қосымша қаражат теңге бағамының өзгеруіне байланысты, сондай-ақ, Елбасы Жолдауындағы тапсырмаларды орындау үшін қарастырылып отыр.
Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаевтың дерегіне сүйенсек, биыл республикалық бюджет шығыстары 7 триллион теңге көлемінде болады.
Ал, қосымша бөлінетін 408 миллиард теңге - әлеуметтік жәрдемақы мен азаматтық қызметкерлердің жалақысын және мемлекеттік грант есебінен білім алатын студенттердің шәкіртақысын арттыруға жұмсалады.
Бұдан бөлек, «Балапан», «Қолжетімді тұрғын үй-2020», «Агробизнес-2020», сондай-ақ, EXPO-2017 көрмесін ұйымдастыру жұмыстарына бөлінетін қаражат мөлшерін көбейту көзделіп отыр.
Ерболат Досаев, ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі:
Теңге бағамы 20 пайызға өзгергеннен кейін барлық бағаны 20 пайызға өзгерту ойымызда жоқ. Ал, осы бюджетке кірмеген шығыстарды 2015-2017 жылдарға дайындалып жатқан республикалық бюджет жобасына енгізетін боламыз.
1-сәуірден бастап, азаматтық қызметкерлердің жалақысы 10 пайызға өседі. Яғни, бюджеттен қосымша 63, 5 миллиард теңге бөлінеді. Зейнетақы және әлеуметтік төлемдерге - 53,4 миллиард теңге, мемлекеттік білім гранттарында оқитын студенттердің шәкіртақысына қосымша - 4,7 миллиард теңге қарастырылды.
Халық пікірі
-Жағдайымыз жаман емес. Жалақының өскеніне ризамын. Үкіметке рахмет.
-Өскені жақсы, халықтың жағдайы жақсарады.
Нұрбек БЕКБАУ
![](https://px.mediadata.kz/s.gif?mh_id=7916e9245b3c5232be2c21bfdafded87&mh_news=1-сәуірден бастап азаматтық қызметкерлердің жалақысы өседі (толығырақ)&mh_tags=Qazaqstan&mh_page=https://qazaqstan.tv/news/32055/)