Білім беру инфрақұрылымы жаңа оқу жылының басталуына әзір - ҚР БҒМ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Білім беру инфрақұрылымы жаңа оқу жылының басталуына әзір - ҚР БҒМ

15.08.2017
Білім беру инфрақұрылымы жаңа оқу жылының басталуына әзір - ҚР БҒМ

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев 2017-2018 жаңа оқу жылының басталуына әзірлік барысы туралы есеп берді. 

Е. Сағадиев негізгі тұжырымдамалық шешімдердің өткен жылы қабылданғанын айтты. Сондықтан биылғы және келесі жылдың міндеттері - басталған шараларды соңына дейін аяқтап, нәтижелерге қол жеткізу.  

Бұл бағыттағы міндеттердің бірі 2019 жылдың қыркүйек айында барлық балабақшалар мен мектептерде нөлінші сыныпты енгізуге әзірлік болып табылады. Оның қатарында «Әліппені» табысты мақұлдау, тәрбиешілер мен педагогтердің біліктілігін арттыру, нормативтік-құқықтық базаны 0+11 бойынша 12 жылдық оқыту цикліне сәйкестендіру бар.  

Мектептегі басты міндет өткен жылы қолға алынған жаңартылған мазмұнға көшу болып қала береді. 2017 жылы оған қосымша 2, 5 және 7-сыныптар көшеді.  

Сонымен қатар пәндерді ағылшын тілінде оқыту бойынша ауқымды пилот басталады, оған тіл курстарын бітірген немесе енді бітіретін 1500-ден астам мұғалім атсалысады.  

Бұдан өзге, мектептердің қамқорлық кеңестерін құру мен одан әрі нығайту, оларға бұрынғыдан да көбек өкілеттіліктер беру және қамқорлық кеңестерінің бақылауымен мектептердің академиялық, басқарушылық, қаржылық еркіндіктерін жоспарлы түрде кеңейту маңызды бағыт болып табылады. КжТБ мен «Баршаға арналған тегін КжТБ» жобасы бойынша жұмыстар әрі қарай жалғасуда.   

Жоғары оқу орындары бойынша басты міндет кәсіби қауымдастыққа, жұмыс берушілерге «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп қазақстандық ЖОО-лардың сапасы, заманауилығы мен нарыққа қажеттілігі тұрғысынан олардың білім беру бағдарламаларының нақты тізілімін құруға мүмкіндік беретін заңның қабылдануы болып табылады. Бұл бағыттағы жұмыстар басталды - ҰКП-мен бірлесіп ІТ-мамандықтар тізілімі таяуда таныстырылатын болады. Бұл нарықтан сапасыз және ескірген білім бағдарламаларын алып тастауға мүмкіндік береді.

Оған қоса, ЖОО-лардың академиялық дербестігін арттыру мен қоғамдық бақылауды күшейту формасы ретінде бақылау кеңестерін нығайту жүргізіліп жатыр.

Сөз соңында білім және ғылым министрі жалпы, білім беру жүйесі оқу жылының басталуына әзір екенін атап өтті, барлық мәселелер бойынша кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев әкімдіктер мен мүдделі мемлекеттік органдарға барлық бағыттардағы жұмыстардың атқарылуын бақылауға алуды тапсырды.

primeminister.kz

Хабарламаларға жазылу