Өскеменде үздік оқушылар марапатталды

18.04.2015
Өскеменде үздік оқушылар марапатталды

Өскемен қаласындағы көп бейімді № 3 мектеп – гимназияда әртүрлі білім бәйгелерінде жеңімпаз болған оқушыларды марапаттау рәсімі өтті. Шығыс Қазақстанның бас шаһарындағы ең тұңғыш қазақ мектебі осыдан 26 жыл бұрын ашылған. Бүгінде мұнда 1500-ден астам оқушы бар.

Былтыр облыстық әкімдік ұйымдастырған байқауда өңірдегі ең үздік білім беру ұйымы атанды. Тек осы оқу маусымы басталғалы бері іргелі білім ұясында білім алып жатқан 52 оқушы әртүрлі пәннен  халықаралық, республикалық және облыстық байқауларда жеңімпаз атанған.

Салтанатты шара барысында олардың есімі тағы бір мәрте аталып, барлығына құрмет қағаздары табысталды.  Сонымен қатар, «Ең үздік сынып жетекшісі», «Ең белсенді ата-ана», «Ең үлгілі сынып» деп аталатын сайыстардың қорытындысы жарияланып, жеңімпаздар марапатқа ие болды. Былтыр мектептің 62 түлегі Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары балл жинап, түгелдей мемлекеттік грантты иеленген. Аталған мектеп-гимназия еліміз бойынша ең үздік 100 білім ұясының тізімінде көш бастап тұр.

Берік КӨШЕРБАЕВ

Хабарламаларға жазылу