Игілікке жараған білім гранттары - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Игілікке жараған білім гранттары

24.07.2014
Игілікке жараған білім гранттары

2009 жылы «Бота» қоғамдық қоры қолға алған Білім гранттары бағдарламасы жемісін берді. Әл-ауқаты төмен отбасыларға демеу болып, балалардың ЖОО білім алуына мүмкіндік туғызды.

Жүйелі 5 жылдық жұмыстың нәтижесінде оқу грантына ие болған 841 баланың 600-ге жуығы маман атанып, бүгінде ел игілігіне қызмет етуде. Жобаны жүзеге асыруға 1,5 миллиард теңге қаржы жұмсалды.

Қордың қайырымдылық демеуін көрген жанның бірі - қарағандылық  Жанайдар Сембиев. Бала жастан сәулетші болуды армандаған ол 2010 жылы  ҰБТ-ден аз балл жинайды.

Мақсатына жетуді көздеген ол тәуекелге бел буып, ақылы оқуға тапсырады. Бірақ, жыл сайынғы төленетін 320 мың теңге қаржыны табуға отбасы қауқарсыз. Сондықтан, өзім жұмыс істеп,  сырттай оқу жүйесіне көшемін деген тұста Жанайдарға қор қолдау көрсетті. Қазір  сұранысқа ие құрылысшы.

Жанайдар Сембиев, Білім гранттары бағдарламасының түлегі:

Осы сәулет өнеріне өзгерістер енгізгім келеді.  Қазақстандағы әдемі ғимараттардың көбі біздің сәулетшілердің қолынан келмейді. Шетелдіктерге көп жүгінеміз. Әрі қарай осы құрылыс саласын жетік меңгеріп,  осы жобалау жағын тек еліміздегі сәулетшілердің, құрылысшылардың қолынан келетіндей қылып жасағым келеді.

841 баланың 300-ге жуық Алматыда өз қалауымен білім алуға мүмкіндік алды. Ердос Молдахметов солардың санатында. Ана тілін айтпағанда, бүгінде араб, ағылшын, түрік, орыс тілін жетік меңгерген.  Заманның нағыз  талабына сай қаруланған. Кейінгі буынға қазір тіл үйретеді.

Ердос Молдахметов, Білім гранттары бағдарламасының түлегі:

Әлем қазір бір кішкентай ауыл сияқты болды.  Байланыс өте тез, әлемнің  қай елімен болса да байланысқа түсуге болады.  Сондай заманда  көп тілді білу өте маңызды. Қажетті мамандықты таңдағаныма қуаныштымын. «Бота» қорына алғысымды айтамын,  осындай жетістікке жетуіме себеп болған.

Баян Жиенбаева, «Бота» қоғамдық қоры, Білім гранттары бағдарламасы департаментінің маманы:

Құрылған жылы  шетелдерде жемқорлық жолмен жиналған  Қазақстан азаматтарының  жинақтары болды. Қазақстан, АҚШ, Щвейцария  үш елдің шешімімен осы қаржымен қоғамдық қор құрылды. Жиналған ақшаның барлығы қайырымдылық жолмен елге таратылды.  Жалпы сомасы 84 миллион АҚШ доллары.

Айтылған игі бастама бес жылдық табанды қызметтің жемісі. Аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік көмек қолын созып, білім қуған жастарға мол мүмкіндік берген «Бота» қайырымдылық қоры  өз мақсатын толық орындады.

Осыған байланысты қызметін осы жылдың желтоқсанында аяқтайды. Алдын ала ескеріп, 2015 жылы оқуын тәмамдайтын  түлектердің шығынын да төлеп қойған. Соның арқасында келер жылы 207 студент өз  қалаған мамандығының иесі атанады.

Айгүл ЕРМАХАН

Хабарламаларға жазылу