Астанада 92 оқушы «Алтын белгі» иегері атанды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада 92 оқушы «Алтын белгі» иегері атанды

18.06.2014
Астанада 92 оқушы «Алтын белгі» иегері атанды
Астана қаласының оқушылары 7-ші жыл қатарынан үздік атанды.Рспубликалық олимпиада және ғылыми жобалар байқауынан оқ бойы озық келеді.
 
Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырған 3252 оқушының 1000-нан астамы 100-ден жоғары балл жинады. Ал, 92 түлек «Алтын белгі» иегері атанды.
 
Бүгін қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов оқу озаттарына  «Алтын белгі» төсбелгілерін салтанатты түрде табыс етті.
 
Жанар Амангелдіқызы Ұлттық бірыңғай тестілеуден 122 балл жинады. Ол - №62 орта мектептің үздігі. Бүгін - Жанар үшін қуанышты күн. Өйткені, бірер сәттен кейін «Алтын белгі» төсбелгісін иеленеді.
 
Жанар Амангелдіқызы, «Алтын белгі» иегері:
Мен 1-сыныптан бастап, жақсы оқып, үздік атанамын, ата-анамның мақтанышы боламын, деп мақсат қойдым. Осыған жеткеніме ризамын.
 
Үкілеген үміттерін қолдауға келген ата-аналар, көздері күлімдеп тұрған оқушылар. Бәрі салтанатты рәсімнің басталғанын күтіп тұр. Көп кешікпей қала әкімі сөз алды.
 
Осыдан 16 жыл бұрын Астанада «Алтын белгі» иеленген оқушы 1-еу болса, қазір - 92.
 
Бұл - ілім іздеген жастардың жігері мен білім нәрімен сусындатқан ұстаздардың еселі еңбегі.
 
Иманғали Тасмағамбетов, қала әкімі:
Өз басым сіздердің әлемнің озық көшінен қалмай, уақыттың талабынан талмай, талай табыстың биігінен көрінетіндеріңізге кәміл сенімдімін. Өйткені, сіздердің бойларыңызда Астананың асқақ рухы мен жүректеріңізде Елбасының жаққан жалыны бар. Осыны естен шығармағайсыздар.
 
92 оқушы кезек-кезек шығып, қала әкімінің қолынан «Алтын белгі» төсбелісін алды.
 
Жанар Амангелдіқызы, «Алтын белгі» иегері:
Қала әкімі Тасмағамбетов мырзадан осы «Алтын белгіні» алғаныма өте қуаныштымын. Бұл - мен үшін үлкен жетістік, үлкен бақыт. Бұл белгі менің үйімнің төрінен орын алады.
 
Мағжан Жұмабаев айтқан жалынды жастар - осы. Олардың мақсаты - елінің гүлденуіне өз үлестерін қосу.
 
Әрине, ол үшін әлі талмай оқу керек. Сонда асу бермес асқар болмайды.
 
Сәкен СЕЙІТХАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу