Еліміздің түкпір-түкпірінен 50 мыңнан астам студент білім алып жүр. Тіпті, шетелден келіп білім алатындар қатары да жылдан-жылға артып келеді.
1958 жыл. Жаңадан ашылған Ақмола ауылшаруашылық институтына студенттерді қабылдау емтиханы жүріп жатыр.
Тың өлкесіндегі ең алғашқы жоғары оқу орны болғандықтан, бір орынға 25 үміткер таласты.
Небәрі үш факультетке бар-жоғы 200-дей студент қабылдануы тиіс болатын. Тек, бабы мен бағы қатар шапқандар ғана сынақтан өтті.
Олардың арасында Серік Абраев та бар еді. 18 жастағы жігіт механикаландыру факультетінің студенті атанды.
Арада 56 жыл өтті. Оқу ордасының атауы өзгерді, ғимарат жаңарды, оқу жүйесіне жаңалық енді.
Осы үдерістің бәрі Серік Абраевтың көз алдында жүріп жатыр. Университеттің жарты ғасыр бұрынғы студенті қазір осы оқу орнының аға оқытушысы.
Серік Абраев, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ Техникалық факультетінің аға оқытушысы:
Осы тұрған жер батпақ болатын. Бұрынғы ЖУУ-4 деген училищенің ғимаратын өзіміз жөндеп, І курсқа түскенде оқу мен жұмысты бірге бастадық. Факультте 100 студент едік, бірінші семестрден кейін 75-іміз қалдық. Сол 75-тің 67-і бітіріп шықты. Талап қатал болды.
Хусейнджони Негматулло қазақстандық білім жүйесін жоғары бағалайды. Білім қуып Тәжікстаннан арнайы келіпті. Санаулы күннен соң университетті тәмамдап, еліне аттанбақ.
«Қазақстандық дипломмен барған маманға кез келген мекеменің есігі ашық», дейді.
Хусейнджони Негматулло, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ экономика факультетінің студенті:
Жүйе жақсы, еркін форма бар. Бізде олай емес, тек қана ресми форма. Оқытушылар өте жақсы. Менің студеттік жылдарым осында өтті, өкінбеймін.
Ал, кореялық Пак Жунг Кеннің Қазақстанға келгеніне жарты жыл. Өз қалауымен Кореядағы оқуын Қазақстанға ауыстырыпты.
Оны қазақтың тілі, мәдениеті, дәстүрі ерекше қызықтырады екен. Қазақстанда білім алып қана қоймай, еңбек жолын да осында бастағысы келеді.
Пак Жунг Кен, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Халықаралық қатынастар факультетінің студенті:
Менің ойымша, Қазақстан қазір жақсы дамыған. Бірақ, одан да жақсы болашақ күтіп тұр деп ойлаймын. Сондықтан, Қазақстанды таңдадым. Корея және Қазақстанның байланысы үшін мен де жұмыс істегім келеді.
Астана қазір елдің ордасы ғана емес, ғылым мен білімнің де ордасына айналып үлгерді. Ал, білім жаһандық бәсекеге қабілеттіліктің бастамасы екені даусыз.
Шынар АСАНҚЫЗЫ