ҰБТ-да «Сыра зауытының ашылған уақыты» деген сауал бар деп ақпарат таратқан петропавлдық Айнұр Серік Білім және ғылым министрінен кешірім сұрады. Кешірім хатта ол жалған ақпарат айтқанын мойындап, «барлық сауалдар мектеп бағдарламасына сай келді», деген. Естеріңізге саламыз, кеше өткен баспасөз конференцияда Білім министрлігінің өкілдері мәнсіз сұрақтар тестте жоқ екенін айтып, Айнұр Серіктің «Қазақстан тарихынан тапсырған» сауалдарын көрсеткен. Сондай-ақ, Білім және ғылым вице-министрі комиссия мүшелерінің сынақ барысында оқушылармен дөрекі сөйлескені дәлелденсе, жазаланады, тіпті жұмыстан босаталады, деді. Министрдің орынбасары эмоцияға беріліп, телеарналарға сұхбат берген оқушылар жайында да өз пікірін білдірді.
Такир Балықбаев, ҚР Білім және ғылым вице-министрі:
Баланы тінтіген, шешіндірген факт болған жоқ. Прокуратура толық тексерсін, содан кейін нәтижесін сіздерге айтамыз.