2-шілдеде Астанада қазақ күресінен жетінші республикалық «Қазақстан Барысы» турнирінің финалы өтеді. Кең ауқымды жарыс төрт кезеңнен тұрады: ауылдық, аудандық, облыстық және финал. Соңғы кезеңге 34 спортшы шығады.
Жарыстың жүлде қоры – 50 миллион теңге көлемінде.
Бұл турнирде палуандар ғана емес, көрермендер мен жанкүйерлер де сыйлықсыз қалмайды. «Қазақстан Барысының» финалдық бәсекесіне кіру билеттері бойынша «Renault Logan» маркалы автокөлігі ойнатылады. Билеттер бағасы 500 теңге мен 5 мың теңге аралығында сатылымға шықты.
Биыл финалдық кездесулер «Барыс Аренада» өтеді. Соңғы жылдары жарыс «Сарыарқа» велотрегінде және «Дәулет» спорт кешенінде өткен болатын. Сондай-ақ, тамыз айында палуандар «Әлем Барысы» халықаралық турнирінде тағы бір рет күш сынасады.
Тағы бір айта кетер жайт, Астана қаласының іріктеу турнирінде екінші орын иеленіп, республикалық турнирдің финалына жолдама алған Мұрат Кеңтонов жарақат алуына байланысты, жарысқа қатысудан бас тартты. Оның орнына боз кілемге іріктеу жарысында үшінші орын иеленген Айбат Сейтен шығады.
Айта кетейік, «Қазақстан» РТРК» АҚ «Қазақстан Барысы» турнирінің басты ақпарат таратушысы.