Қанат Ислам Брэндон Кукті нокаутқа жіберіп, жеңіске жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қанат Ислам Брэндон Кукті нокаутқа жіберіп, жеңіске жетті

09.09.2017

Қазақстандық боксшы Қанат Ислам кәсіпқой бокста қарсыласы канадалық былғары қолғап шебері Брэндон Кукты техникалық нокаутқа жіберіп, жеңіске жетті.

Тартысты жекпе-жектің бірінші раундынан бастап Қанат Ислам тізгінді өз қолына алып, қарсыласын соққы астына алумен болды. Ширақ қимылдап, жойқын соққыларын дөп тигізген жерлесіміз кездесудің үшінші раундында канадалық боксшыны нокдаунға жіберді. Сәт санап басымдығын арттыра түскен Қанат Ислам бесінші раундта та қарсыласын есеңгіретті. Сегізінші раундта канадалық боксшы үшінші рет нокдаунға түсті. Кездесудің аяқталуына үш раунд қалғанда Қанат Ислам Брэндон Кукты соққы астына алып, нокаутқа жіберді.

Бұл - Қанат Исламның кәсіпқой бокстағы 25 кездесуі. Отандасымыз кездесулердің барлығында да жеңіске жеткен. Оның 20 жекпе-жегін ол уақытынан бұрын аяқтаған.

Брэндон Кук те тәжірибелі боксшы. Осыған дейін кәсіпқой шаршы алаңда 19 жекпе-жек өткізген. Оның 11-де қарсыластарын нокаутпен ұтқан.

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы шаршы алаңға шығып, Қанат Исламды осы жеңісімен құттықтады. Бүгін Астанада «Сарыарқа» велотрегінде өткен Ислам мен Кук кездесуі бокс кешінің басты жекпе-жегі болды.

Андеркартта жұдырықтасқан Мейірім Нұрсұлтанов, Димаш Ниязов, Нұрсұлтан Жаңабаев, Айдос Ербосынұлы, Әли Ахмедов, Руслан Мырсатаев, Жәнібек Әлімханұлы, Жанқош Тұраров сынды қазақ боксшыларының барлығы жеңіске жетті.

Жекпе-жекте WBA Inter-Continental және WBO-NABO белбеулері сарапқа салынды.

Бокс кешін «QAZAQSTAN» және «QAZSPORT» телеарналары тікелей эфирде көрсетті.

Хабарламаларға жазылу