Әлем чемпионатының 4-күніне шолу - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлем чемпионатының 4-күніне шолу

18.06.2018

Футболдан Әлем чемпионаты аясында ешкім күтпеген сенсациялық жағдай болды.  Мексика алғашқы ойында-ақ, Әлем чемпионы - Германия құрамасын тізе бүктірді. Бұл жеңіске мексикалықтардың қуанғаны соншалық, Мехико қаласында жер теңселді деп жарыса жазды әлеуметтік желі қолданушылары. Жалпы, жексенбі күнгі ойындар барша жұртты таң қалдырды.

Чемпионаттың 4-ші күнін көпшілік асыға күтті. Себебі, Германия, Бразилия сынды мықты құрамалар алаңға шықты. Бірақ, кеше екі команда да сәтсіз ойнады. Қазіргі Әлем чемпионы саналатын немістер, ойда-жоқта Мексика спортшыларына 0-1 есебімен есе жіберді. Осылайша, «неміс машинасы» алғашқы ойында сыр берді.

Йоахим Лев, Германия құрамасының бас бапкері:

- Шынымен де бірінші ойыннан бастап ұтылғанымыз қиын болды. Бұл бізге таңсық жағдай. Көптеген турнирларде алғашқы матчты үнемі жеңіспен бастайтынбыз. Бірақ, болар іс болды. Әрине, түрлі қиындықтар кездеседі. Бастысы, енді осыдан сабақ алып, алдағы кездесулерде жақсы өнер көрсетуіміз керек.

Ұлттық құраманың жеңісін Мәскеуге жиналған қызуқанды мексикалықтар дүрілдетіп тойлады. Ал, немістердің салы суға кетті. Ешкім күтпеген келесі ойын Швейцария мен Бразилия арасында болды. 1-1 есебімен Швейцария чемпион атануға әбден лайық Бразилия футболшыларының арынын басты. 

Владимир Петкович, Швейцария құрамасының бас бапкері:

- Қарсыластарымыздың мықты болғанын мойындаймын әрі олардың гол салатын мүмкіндіктері де көп болды. Бірақ, мен өз командамның бұл ойынын мақтан тұтамын. Себебі, олар 90 минут бойы тоқтамай жанталасты. Өздерінің өліспей-беріспейтіндерін көрсетті. Өз тобымыздағы алдағы 2 матч кезінде де осылай ойнаймыз деп ойлаймын.

Кешегі күннің 3-ші матчы Сербия мен Коста-Риканың арасында өтті. Есеп: 1-0. Сербтердің қоржынында 3 ұпай.

 

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу