Басты Жаңалықтар Түркияда шетелдіктерге заңсыз азаматтық алуға көмектескен топ ұсталды

Түркияда шетелдіктерге заңсыз азаматтық алуға көмектескен топ ұсталды

Түркияда жалған құжат жасау арқылы мыңнан аса адамға азаматтық алуға көмектескен қылмыстық топ әшкереленді. Олар белгілі бір сомаға жылжымайтын мүлік сатып алу арқылы Түркия азаматтығын алуға мүмкіндік беретін заңды өз мүдделеріне пайдаланған. Осы арқылы қомақты қаражат тапқан. Елдің Әділет министрі Ақын Гүрлектің мәлімдеуінше, үш ірі құрылыс компаниясы аса қымбат 274 пәтерді шетелдіктерге саттық деген құжат жасау арқылы 1070 адамның Түркия азаматтығын алуына мүмкіндік берген. Осылайша қылмыстық топ 72 млн доллардан астам пайда тапқан. Алайда пәтерлер тек қағаз жүзінде ғана сатылған. Осы іске қатысы бар 73 адам ұсталды. Қылмыстық топ мүшелерінен 2 мыңнан аса жылжымайтын мүлік, 86 автокөлік, 2 яхта тәркіленіп, 42 банк есепшоты бұғатталды. Түркиядан ең көп баспана сатып алған 10 елдің қатарында қазақстандықтар да бар. Ресми мәлімет бойынша, 2025 жылы отандастарымыз түрік елінен 600-ден аса пәтер сатып алған.


Бөлісу