Ресей футболдан Әлем чемпионатын өткізуге толық дайын. 4 жылда бір рет келетін әлемдік доп додасы 14-маусымда басталып, 15-шілдеге дейін созылады. 32 мемлекеттің ұлттық құрамалары арасындағы ойындар 11 қаладағы 12 стадионда қатар өтеді. Олардың басым көпшілігі, чемпионатқа арналып жаңадан салынған нысандар. Шетелден келетін қонақтарды күтіп алу үшін және алдағы бір айы бойы ешбір оқыс оқиғаны болдырмас үшін бүкіл Ресей бойынша мыңдаған еріктілер мен полицейлер өз міндеттеріне сақадай-сай тұр. Ал, чемпионатқа қатысатын бірқатар елдердің спортшылары мен фанаттары Әлем біріншілігі өтетін шаһарларға ұшып келе бастады. Ресей Президенті Владимир Путин ТМД аумағында тұңғыш рет өткелі тұрған жер жаһанның басты футбол жарысы қарсаңында барша жанкүйерлер мен туристерге арнайы үндеу жариялады.
Владимир Путин, Ресей Федерациясының президенті:
- Ресейге келген немесе енді келгелі жатқан жанкүйерлер мен ұлттық құрама өкілдеріне «қош келдіңіздер» деймін. Біздің еліміз үшін Әлем чемпионатын өткізу үлкен құрмет әрі зор қуаныш. Біз сіздерге шынымен де футбол мерекесін сыйлаймыз. Сүйікті командаларыңыздың ойынынан ғана емес, жалпы Ресейден, оның дәстүрі мен тарихынан да ерекше әсер аларсыздар деп үміттенемін. Қонақтарымыз өздерін үйлерінде жүргендей сезінуі үшін біз барлық жағдайды жасадық.
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.