«Реал» сырт алаңда «Атлетикодан» басым түсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Реал» сырт алаңда «Атлетикодан» басым түсті

20.11.2016
«Реал» сырт алаңда «Атлетикодан» басым түсті

Бүгін «Висенте Кальдерон» стадионында екі мадридтік футбол грандтары - «Атлетико» мен «Реал» арасында кездесу өтті. Ойын 0:3 есебімен мадридтік «Реалдың» жеңісімен аяқталды.

Матчтың алғашқы минуттарынан бастап екі команда да бірін бірі аямады. «Висенте Кальдерондағы» соңғы алты ойында жеңіске жетіп көрмеген «Реал» комбинациялық шабуылдар ұйымдастырумен болды. Ал, өз стадионында өнер көрсеткен «Атлетико» ойынды сабырлы бастады. Бірінші таймның ортасында қақпадан 20 метр қашықта «Атлетиконың» черногориялық қорғаушысы Стефан Савич қарсылас команда ойыншысына қарсы ойын ережесін бұзған болатын. Айып добы белгіленіп, оны кездесудің 23-ші минутында Криштиану Роналду сәтті орындады. «Реалдың» шабуылшысы соққыны сол жақ бағанаға қарай бағыттады. Бірақ, доп қарсылас команданың ойыншысына тиіп, бағытын өзгерткендіктен, «Атлетиконың» қақпашысы голдың болуына еш кедергі келтіре алмады - 0:1.

Үзілісте екі команда бас бапкерлері ешқандай өзгерістер енгізбеді.

Екінші таймды «Атлетико» ойыншылары есепті теңестіру мақсатында белсенді бастады. Әсіресе, Гризманн мен Карраско жойқын соққыларымен ерекшеленді. Бірақ, ешқайсысы қарсылас қақпасына нәтижелі соққы жасай алмады.

Ал, «Корольдік клуб» ойыншылары қалыс қалмады. Олар қарымта шабуылдарды пайдалана отыра, ойынды «Атлетиконың» жарты алаңына ауыстырып, Ян Облак қақпасына қауіп төндірді. Кездесудің 71-ші минутында «Атлетико» қақпасына 11-метрлік пенальти белгіленіп, Криштиану Роналду соққы дәл орындады - 0:2. 

6 минуттан кейін «Реалдың» уэльстік шабуылшысы Гарет Бейл сол қапталмен ұмтылып, португалиялық командаласы Криштиану Роналдуға пас шығарды. Ал, «Корольдік клубтың» басты жұлдызы бос қақпаға допты дәл бағыттап, есепті 0:3 -ке жеткізді.

Осылайша, Криштианудың хет-трик жасауының арқасында Зиданның командасы жеңіске жетті.

«Реал» чемпионаттағы 9-шы жеңісіне қол жеткізіп, турнирлің кестедегі бірінші орынды сақтап қана қоймай, екінші сатыдағы каталониялық «Барселонадан» 4 ұпайға ұзап кетті.

«Атлетико» - «Реал» кездесуін тікелей эфирде көрсеткен «Kazsport» телеарнасы.

Хабарламаларға жазылу