Превью. «Эвертон» – «Вест Бромвич» - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Превью. «Эвертон» – «Вест Бромвич»

19.01.2015
Превью.  «Эвертон» – «Вест Бромвич»

«Эвертон» футболшыларына жеңіске жетіп, кем дегенде турнир кестесінің ортасына жету қажет. Роберто Мартинес командасы соңғы 12 ойында бір рет қана жеңіске жетті. Ал, Тони Пьюлис шәкірттері сырт алаңда сүреңсіз ойнайды. Сол себепті ливерпульдық клуб бұл сәтті ұтымды пайдалануы тиіс.

«Эвертон»

Алаң иелерінің турнир кестесіндегі жағдай мәз емес. Премьер-лигамен қош айтысатын аймақтан бар-жоғы үш ұпай ғана бөліп тұр. Маусым басында Роберто Мартинес шәкірттері қорғаныстың осалдығына қарамастан, көп гол соққан еді. Ал, қазір шабуыл ұйымдастыру қарқыны төмен.

«Эвертон» бұл маусымда қақпаларына 34 гол өткізіп алды. Ал, өткен жылғы көрсеткіш – 39. Сонымен қатар, Англия Кубогынан шығып қалды. Соңғы жеті матчта жеңіске жете алмады. Оның төртеуін өз алаңында өткізген болатын.

Сәтсіздік жалғаса беретін болса, команда қауіпті аймаққа түсуі мүмкін. Бұл туралы маусым басында ешкім ойлаған емес. Дегенмен, ливерпульдық клубтың «Вест Бромвич» футболшыларын ұтуға мүмкіндіктері мол. Футболшылар бұл жеңістен кейін өздеріне деген сенімдік қайтарып ала алады.

«Вест Бромвич»

Тони Пьюлистің «Вест Бромвич» тізгінін ұстағаны сәтті болды. Өткен турда оның шәкірттері «Халл Сити»-ден басым түсті. Ал, Англия Кубогында «Гейтсхэд» қақпасына жеті гол соқты.

Тони Пьюлис жетекшілігімен өткен жылы «Кристал Пэлас» сырт алаңда «Эвертонды» ұтқан еді. Бірақ, «Вест Бромвич» сырт алаңда ливерпульдық клубпен сәтсіз ойнайды. Соңғы жеті кездесудің төртеуінде жеңіліп қалған.

Жаңа бапкер «Вест Бромвич» клубын Премьер-лигада алып қалмақ. Алайда, ол үшін сырт алаңда өткізген ойындарда да үш ұпай иелену керек. Дегенмен, бұл қонақтар үшін үлкен мәселе. «Вест Бромвич» ел чемпионатындағы сырт алаңда өткізген 27 ойынның тек төртеуінде жеңіске жеткен.

Хабарламаларға жазылу