Астанада Бибігүл Төлегенованың жеке концерті өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада Бибігүл Төлегенованың жеке концерті өтті

06.07.2018

Қазақтың ән падишасы, күміс көмей, жезтаңдай әншісі Бибігүл Төлегенова Астанада өнер көрсетті. Халық әртісінің жеке концерті елорданың 20 жылдық мерейтойына орайластырылып отыр. Бибігүл Аxметқызымен қатар сахна төрінде оның шәкірттері - вокалистер байқауының лауреаттары, Толқын Забирова, Талғат Мұсабаев, Альфия Кәрімова, Мәлік Азат сынды жас жұлдыздар өнер көрсетті.

Концертті Астана қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясының симфониялық оркестрі сүйемелдеді. Кеш қонақтары қазақ музыкасының үздік туындылары арқылы сан алуан мәдениеттермен танысып, қазақ халқының әсемдікке толы жан дүниесін таныды. Астананың мерейтойына орайластырылған шара  елордалықтар мен қала қонақтарының рухани дамуына серпін берді.

Айта кетейік, қазақтың бұлбұл әншісі Бибігүл Төлегенова келесі жылы 90 жасқа келеді.

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу