«ҚазАқпарат» халықаралық агенттігі сайтының қытай тіліндегі нұсқасы іске қосылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«ҚазАқпарат» халықаралық агенттігі сайтының қытай тіліндегі нұсқасы іске қосылады

14.03.2014
«ҚазАқпарат» халықаралық агенттігі сайтының қытай тіліндегі нұсқасы іске қосылады

«ҚазАқпарат» халықаралық агенттігі  бүгін жаңа ақпараттық жобасы - сайттың қытай тіліндегі нұсқасын іске қосады.

Сайттың қытай тіліндегі нұсқасы - биылғы жылдың басынан халықаралық агенттік мәртебесіне ие болып отырған агенттіктің жаңа бірегей жобасы. Бұл іргедегі көршілес алып ел - Қытай Халық Республикасы мен Қазақстанның стратегиялық әріптестік қатынастарының тереңдей түскенінің куәсі. Екі ел арасындағы саяси-экономикалық және әлеуметтік-гуманитарлық салалардағы қатынастардың одан әрі дами түсуіне сайттың жаңа нұсқасының елеулі үлес қосарына сенім мол. Бұған дейін агенттік Қытайдың мемлекеттік «Жэнминь жибао» басылымымен, «Синьхуа» ақпараттық агенттігімен әріптестік байланыс орнатқан болатын.

Сайттың ресми таныстырылымы мемлекеттік органдардың, ҚХР-дың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Лэ Юйчэн, мүдделі ұйымдардың және БАҚ өкілдерінің қатысуымен бүгін сағат 10.00-де агенттіктің Астанадағы бас кеңсесі орналасқан «Алтын Орда» бизнес-орталығының конференц-залында өтеді. Оның барысында Бейжіңмен тікелей бейнебайланыс орнатылмақ.

Медиа-агенттік 90 жылдан астам уақыт бойы саясат, экономика, білім беру, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет және қоғамның өзге де тыныс тіршілігі туралы жедел әрі сенімді ақпарат таратып келеді.  ҚазАқпарат арқылы Президент Әкімшілігі, Парламент, Үкімет, өңірлік билік органдары, ұлттық қаржылық және өндірістік құрылымдардың қызметі жөнінде ресми хабар таратылады.
Агенттік қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде хабар таратады. Кириллицаны оқи алмайтын шетелде тұратын қандастарымыз үшін қазақша жаңалықтар латын графикасы мен арабша төте жазуға аударылады.

Агенттіктің орталық кеңсесі Қазақстанның елордасы Астана қаласында орналасқан. Елдің қаржылық және мәдени орталығы Алматыда оның филиалы - тілшілер бюросы бар.
ҚазАқпаратта елдің барлық аймақтарында тілшілер желісі құрылған.  Оның ішіне Байқоңыр да кіреді. Ресей, Қытай, Түркия, БАӘ, Бельгия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінде меншікті тілшілері бар.

Бұл елімізде және әлемде болып жатқан жаңалықтарды on-line режимде жедел әрі шынайы таратуға мүмкіндік береді. Болашақта АҚШ, Испания, Оңтүстік Корея, Германия, Израиль, Бразилия және Үндістанда тілшілер қосынын ашу жоспарланған.


Бүгінде қазақстандық жаңалық тарататын интернет-ресурстар арасында ҚазАқпарат үздік ондықтың қатарында. www.inform.kz порталын пайдаланушылардың географиясы 197 елді қамтиды.

Хабарламаларға жазылу