Жеңісті жақындатқан батырлар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жеңісті жақындатқан батырлар

17.04.2014
Жеңісті жақындатқан батырлар
Қан майданда ұшқыштар тобында болып, жауға әуеден соққы берген ардагер Ақтауда тұрады. Қамқа Үмбеталина Украина, содан соң Жапония майдандарында жан аямай күресті.
 
Бүгінде Қамқа апа - 91 жаста. Қан майданға аттанғанда небәрі 19-да еді. 1942 жылдың жазында Атырау жерінен Украина майданына бет алған. Әуе әскери күшіне түскенде де батыл қыз тайсалмады.
 
Әлі есінде, Воронежді талқандап, Жапония майданына жіберілген «Дуглас» атты ұшақта өрімдей Қамқа да бар еді. Оның міндеті 500, 1000 келі болатын бомбаларды лақтыру. Бірде жапондықтар снарядты қарша боратып, жауға әуеден шабуыл жасап жүрген олардың ұшағы отқа оранды.
 
Қамқа Үмбеталина, ІІ Дүниежүзілік соғысының ардагері:
Снаряд қағып кетіп бір моторы өртенді. Ұшақта екі мотор болады. Терезеден от шарпып жатты. Бір мотормен ұшып келеміз. Бір жерге келгенде секірдік. Парашютім ағашқа ілініп қалды. Бір кезде орыстың шалы келді. «Сендер ме құлаған? Самолет ұшып барып, жанды»,- деді.
 
Содан әлгі кісі ну орманмен 7 шақырым жердегі ауылына жаяу апарып, әскери көлік шақыртып, Қамқаның сапқа қосылуына көмектеседі. Сол жолғы ерлігі үшін жігерлі қыз 2-ші дәрежелі «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталады. Кейін білді қиын жағдайдан ұшқыш қана аман қалыпты.
 
Қалған майдандастарынан хабар болмаған. Майдангер қыз көп ұзамай Жеңіс күнін Қиыр Шығыста қарсы алады. 1945 жылы Атырауға келіп, зертханашы кәсібін қолға алады. Мұнай мекемелерінде тәжірибесін шыңдаған оны осыдан жарты ғасыр бұрын Маңғыстауға жолдамамен жіберіпті.
 
Ардагердің мұнай игеру майданындағы еңбегі еленіп, жер қойнауын игерушілердің үздігі, еңбегі сіңген геолог-барлаушы деген атақтары бар. Жалғыз ұлынан айырылған оған бүгінде туыстары қамқорлық жасайды.
 
Халел Үмбеталин, туысы:
Талай ағаларымыз соғыстан келмей қалды. Осы апамыз ғана аман келді. Біздің осындай өмірге жеткеніміз осы кісілердің арқасы.
 
Қамқа апада атақ та, абырой да жетіп артылады. «Ерен еңбегі үшін» медалінің, «Құрмет» орденінің иегері. Маңғыстаудың құрметті азаматы. Ендігі арманы қазақ елінің тыныштығы мен бірлігі.
 
 
Жазира ӘБІЛ

Хабарламаларға жазылу