Павлодардағы «Еrtis» телеарнасы Ингушетия астанасы Магас қаласымен халықаралық телекөпір ұйымдастырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Павлодардағы «Еrtis» телеарнасы Ингушетия астанасы Магас қаласымен халықаралық телекөпір ұйымдастырды

Павлодардағы «Еrtis» телеарнасы Ингушетия астанасы Магас қаласымен халықаралық телекөпір ұйымдастырды

Ұлттық телеарнаның 60 жылдығына орай аймақтағы филиалдарымыз тарту-таралғыларын ұсына бастады. Мәселен, Павлодардағы «Еrtis» телеарнасы Ингушетия астанасы Магас қаласымен халықаралық телекөпір ұйымдастырды. Кеңес үкіметінің айыптауымен шешен, ингуш ұлтының Кавказдан жер аударылғанына 74 жыл толды. Телекөпір тақырыбы осы тарихи оқиғаға арналды.

Болат Аманбаев, тілші:

-«Еrtis» телеарнасы енді  елімізді халықаралық деңгейде насихаттайды. Аймақтық арна үшін бұл ерекше мүмкіндік. Бастысы, көрермен аудиториясы ұлғайды.  Дәл қазір  Ингушетия астанасы Магас қаласындағы әріптестерімізбен тікелей эфирге қосылдық. Тақырып - ұлттар достығы.

1944 жылдың 23 ақпаны мен 9 наурыз аралығында 650 мың азамат Ингушетиядан еріксіз көшірілді. Жер аударылған 85 мың отбасы Қазақстанға түпкілікті қоныстанды. Бибіш Оразалинованың анасы Фердаус Катиева  Кавказдан Қазақстанға келе жатып тұл жетім қалады. 13 жасар қыз бала қазақ отбасында өсті. Қазақ жігітімен тұрмыс құрып, ұрпақ таратты. Олар қазір Қазақстанның әр аймағында тұрып жатыр.

Бибіш Оразалинова,  тұрғын:

-Ұлтқа бөлінген жоқпыз. Бала кезімізде білмейтінбіз шешеміз ингуш дегенді. Немене ол? Қалай? Ұқпайтынбыз. Шешеміз қазақша сөйледі. Қазақша әрқашанда дәстүрді сақтады. Бізге де соны үйретті.

Телекөпір кезінде Фердаус Катиева жайлы  Ингушетия астанасының телеарнасы түсірген деректі фильм көрсетілді. Тарихи отандарына қайта оралған шешен, ингуштар Павлодардағы туыс, жерлестерімен тікелей байланысқа шықты.

Телеарна ел мен елді байланыстырып, өзара ықпалдастықты арттыруда таптырмас құрал. Сондықтан, аймақтық «Еrtis» телеарнасы алдағы уақытта өзге мемлекеттермен телекөпір ұйымдастыруды жалғастыра бермек.

Болат АМАНБАЕВ

Бөлісу