«ЭКСПО» туристік аймағы ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«ЭКСПО» туристік аймағы ашылды

13.11.2017

Астанадағы алып шар «Болашақ энергиясы» музейіне айналады. Халықаралық көрме енді «ЭКСПО» туристік аймағы ретінде қызмет етпек. Соған орай сенбі мен дүйсенбі күндері аралығында көпшілік көрмелік кешенді тегін тамашалауға мүмкіндік алды. «ЭКСПО» туристік аймағының ашылуына алғаш қатысқандардың қатарында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев та болды. «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов Үкімет басшысына халықаралық көрме аумағында алдағы уақытта атқарылатын жоспарларымен бөлісті. Мұнда мұз айдыны, тамақтану нысандары мен жерасты көлік тұрағы салынады. Сондай-ақ, биылғы басты жаңажылдық шырша да «ЭКСПО» аумағында орнатылады. Ал, халық «Нұр Әлем» және тақырыптық павильондарды, Конгресс орталығы, үздік тәжірибелер аймағы мен арт-орталығын еркін аралады.

Светлана Оңғарбаева, Жезқазған қаласының тұрғыны:

- Мұражай халыққа керек. Мысалы, «ЭКСПО»-ға уақытында келуге еш мүмкіндік болмады. Өйткені, жұмыстан шыға алмадық, тағы басқа себептер болды. Осы мұражай арқылы біз «ЭКСПО»-да болған барлық шараларды бастан аяғына дейін көруге мүмкіншілігіміз мол болады. 

Санжар Ташкенбай, оқушы:

- Қазіргі бастапқы салалардың бірі ІТ саласы болып табылады. Өзім үшін артықшылығы - басқа мұражайларға қарағанда заманауи деп есептеймін. Өйткені, мұндай мұражайларды әлемде санап шығуға болады.

 

Нысаналы ЫҒЫЛ

Хабарламаларға жазылу