Әлкей Марғұланұлы: Біз көрме тақырыбын «Болашақ энергиясы» дей отырып, өзімізге белгілі бір деңгейде жауапкершілікті де алдық (ВИДЕО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлкей Марғұланұлы: Біз көрме тақырыбын «Болашақ энергиясы» дей отырып, өзімізге белгілі бір деңгейде жауапкершілікті де алдық (ВИДЕО)

10.06.2017

Бүгін сағат 14:00-ден бастап тікелей эфирде Ұлттық арна тілшілері «EXPO-2017: Болашақ энергиясы» халықаралық көрмесіне келген отандық және шетелдік меймандармен сұхбат құруды бастап кетті.

Студияға алғаш болып Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры Айнұр Ноғаева және халықаралық қатынастар жөніндегі сарапшы Әлкей Марғұланұлы.

«Болашақ энергиясы» тақырыбына қатысты пікір білдірген   Әлкей Марғұланұлы:

«Таңертең ғана Қазақстаннан алғаш болып МАГАТЭ-ге шақырту алған қазақ  Бақтияр Шокубаев деген азаматпен кездестім. Онымен энергетика тақырыбы бойынша сөйлескен едік.  Сол айтады: Қытай Халық Республикасы қазір жылына 19 атомдық реактор станцияларын салады. Бұл нені білдіреді? Біз шикізат көздерін пайдаланған сайын көптеген кешенді мәселелерге әсер ететіндігімізді ұмытып кетіп жатамыз.

Мысалы, экология. Норвегия шикізатқа өте бай мемлекет. Бірақ, осы Норвегия, Дания, Германия, Франция елдері альтернативті энергия көздерін дамытуға қатты мән беріп жатыр. Себебі, оны дамытуға болады. Қазір мұнай ғасыры. Алайда, дамыған мемлекеттер мұнай ғасырының шегі 15-20 жылда бітетінін болжап отыр. Ол нені білдіреді?

Астанадағы көрмеге келіп жатқан көптеген дамыған елдердің технологиясы таныстырылып, оған ғалымдардың, жастардың  көзқарасы өзгере бастауы керек. Бұл барша әлемге дабыл есебінде болуы қажет.

Әр көрменің өзіндік миссиясы, халықаралық қауымдастыққа тастайтын ойы болады. Сол ой халыққа жеткенде ғана көрменің негізгі миссиясының орындалғанын байқаймыз. Біз көрме тақырыбын «Болашақ энергиясы» дей отырып, өзімізге белгілі бір деңгейде жауапкершілікті де алдық»,-дейді.

Толық нұсқа

Хабарламаларға жазылу