EXPO-2017 көрмесі туралы «EXPO Family Film» фильмі Германиядағы Дүниежүзілік бұқаралық ақпарат құралдары фестивалінде бірінші орын алды. Фестивальге барлығы 38 ел және 40-қа жуық корпорация, агенттік, телевизиялық арна қатысты.
«EXPO Family Film» «Корпоративтік коммуникациялар: келушілерге арналған ақпарат» аталымында алтын жүлдеге ие болды. Сонымен қатар, фильм өз аталымында үздік шығып, «Гранд» марапатына лайық деп танылды.
Фильм өткен жылдың қарашасында Халықаралық көрмелер бюросы Бас ассамблеясындағы таныстырылым үшін түсірілген еді. Ондағы мақсат – шетелде EXPO-2017 көрмесін кеңінен таныту, Астанадағы көрмеге халықаралық қатысушыларды және туристерді тарту.
Картинада Қазақстанның тауларын бағындырып жүрген альпинисші, «Астана Опера» жаңа театрында өнер көрсететін опералық әнші, елордада тұратын қала бизнесмені, Назарбаев Университетінің профессоры, археолог және жобалаушы секілді түрлі кейіпкерлердің өмірі баяндалған.