Елбасы жұмысшы мамандығын тегін оқытуды тапсырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы жұмысшы мамандығын тегін оқытуды тапсырды

28.11.2018

Астанада екі күнге созылған Азаматтық форум аяқталды. Осымен сегізінші рет өткізіліп отырған жиын азаматтық қоғам және мемлекет арасындағы диалогты, серіктестік пен сенімді арттыруға арналды. Бүгін форум алаңына үкіметтік емес ұйымдардың, мемлекеттік және халықаралық ұйымдардың, бизнес қауымдастықтың 850-ден астам өкілі жиналды. Биылғы басқосудың аясында түрлі форматтағы 35 тақырыптық сессия өтті. Сондай-ақ, Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы таныстырылды.

Үкіметтік емес ұйымдар сіз бен біздің өмір сүру деңгейімізді жақсартудың негізгі драйверіне айналуы шарт. Ол үшін Президенттің мына ұсыныстарын бағдаршам етіп ұстанса болғаны.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Біріншіден, үкіметтік емес ұйымдардың жобаларын қаржыландыру ашық және түсінікті болуы қажет. Ол үшін Үкіметке цифрландыру бағдарламасы аясында үкіметтік емес ұйымдардың бірыңғай электрондық тізімін әзірлеуді тапсырамын. Екіншіден, үкіметтік емес ұйымдардың дауысы естілуі үшін азаматтық бақылаудың тиімді тетігін әзірлеу маңызды. Олардан басты ала қашпай, тыңдау керек. Бұл жерде Қазақстанның азаматтық альянсы негізгі рөлге ие болуы тиіс. Үшіншіден, мемлекеттік қызметтерді үкіметтік емес секторға беру жұмысын жалғастыру қажет. Бір қарағанда тосын дүниедей көрінуі мүмкін. Мемлекеттік қызметтерді үкіметтік емес секторға қалай береміз, мемлекет өз ісі үшін халық алдында есеп береді, ал, үкіметтік емес ұйымдар кімнің алдында жауап береді деуі мүмкін. Десе де, экология, әлеуметтік жұмыстар, балалардың құқықтарын қорғау секілді жобаларды жүзеге асыруға болады. Сосын, біз жастар саясатын жүргізуде үкіметтік емес сектордың рөлін арттыруымыз қажет.

Кезінде үкіметтік ұйымдар Үкіметтік емес ұйымдарды қабылдамай, біздің іске араласып жатыр деп дабыл қаққан кездері болған. Президент осыны еске түсірді. Бұл байбаламның жөнсіз екенін айтты. Осы жылдардың ішінде Үкіметтік емес ұйымдар институционалдық тұрғыда қалыптасып үлгерді. Оған дәлел де бар.

Айдын Рахымбаев, кәсіпкер, меценат:

- Осыдан бес жыл бұрын бір топ кәсіпкер «Аналар үйі» жобасын қолға алдық. Мақсатымыз - қиын жағдайға тап болған аналарға қолұшын созу еді. Жобамыз көп ұзамай-ақ, керемет нәтижесін берді. Президент мырза, бұған Сіз де зор қолдау таныттыңыз. Қазір біз еліміздің 19 қаласынан 25 Аналар үйін ашып үлгердік. Біздің жобамыздың арқасында 3600 ана өзінің баласын тастаудан бас тартып, отбасын сақтап қалды. Міне, осының нәтижесінде еліміздегі тастанды балалар саны 2 есеге қысқарды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біздің балаларымыз мұхиттың ар жағындағы танымайтын елге барып өссе де, ертең ол елін, жерін сағынады. Бірақ, олар бөтен адамдар болып келеді. Оған қолымыз тиген жоқ. Қаражатымыз болған жоқ. Мемлекет қиын-қыстау кезеңде жүрген кезде ол мәселені біз жіберіп алдық. Бірақ, өзіміздің мұсылман дінінде де, қазақшылықта да «жетімге қол созсаң, жұмақтан шығасың» деген бар. Сондықтан, өзінің екі-үш баласы бар адам балалар үйінен тағы бір баланы алатын болса, тек жақсылыққа кенеледі деп санаймын.

Ал, түрмедегі адамдардың саны жағынан Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында үшінші орында тұрды. Бірақ, ізгілендіру заңының арқасында қазір халықаралық деңгейдегі көрсеткіш әжептеуір жақсарды.

Сәуле Мектепбаева, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы үйлестіру кеңесінің хатшысы:

- Мен түрмедегі адамдар санын азайтуға арналған жобада жұмыс істедім. Біздің жұмысымыздың нәтижесінде 8 колония жабылды. Бұл мемлекеттің жыл сайын 12 млрд. теңгені үнемдеуіне мүмкіндік беріп отыр. Түрмедегілердің санын аз уақыт ішінде осыншалықты қысқарту заманауи тәжірибеде болмаған жағдай. Көптеген криминоологтар, сарапшы мамандар басында «Қазақстан колониялар елі, қылмыстық көрсеткіші жоғары» деп күмән келтірген. Бірақ, Қазақстан бұл нәтижеге қол жеткізді. Бұл ең алдымен мемлекеттің үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп жұмыс істеуінің нәтижесі деп айтар едім.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мені де алаңдататыны, түрмедегі адамдардың санын азайту мәселесі. Қазір мемлекет әрбір айыбы үшін түрмеге қамамауға қатысты заңды өзгертті. Өйткені, түрмеге түскен адамның жақсы болып шықпайтынын бәріміз білеміз. Ол жерде біз адамды тәрбиелемейміз, керісінше, теріс бағытқа итермелейміз. Міне, сондықтан, бизнестегі заңбұзушылықтар мен шағын қылмыстар үшін ақшамен жазалау керек. Біз заңнаманы осылай өзгертудің арқасында түрмедегілердің санын азайттық. 

Қазақстанда жұмыссыз адам болмауы керек. Бізде бәріне жұмыс табылады. Тек мәселе мамандық таңдауға кеп тіреледі. Президент жұмысшы мамандығын тегін беруді тапсырды. Сосын Үкіметтік емес ұйымдар осындай жастарды сұранысы бар облыстарға жіберумен айналысуы керектігін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мен соғыстан кейін кедейшілікте өмір сүрген ауыл баласымын. Киерге киіміміз жоқ еді. 15 жасқа дейін тойып тамақ ішкен кезім есімде жоқ. Бәлкім, осыдан кейін денеміз ірі болған да шығар. Пештің жанында күрек ұстап жұмыс істедік. Алдың - 1500 градустық металл, артың - 40 градус суықта еңбек еттік. Осының бәріне шыдау керек болды. Сондықтан, жастар еңбекке ден қоюы тиіс.

Шынар Асанқызы, тілші:

- Қазір елімізде 20 мыңнан астам үкіметтік емес ұйымдар бар екен. Оларға тек биылдың өзінде 22 млрд. теңге қаржы бөлінген. Бірақ, олардың бәрі бірдей жұмыс істеп тұр деуге келмейді. Арасында тек қағаз жүзінде тіркелгендері де бар. Сондықтан, форумға қатысушылар алдағы уақытта қаржыландыру мәселесін жұмыстың сапасына қарай белгілеу қажеттігін айтты. Сондай-ақ, шын мәнінде белсенді жұмыс істейтін ұйымдарды салықтық тұрғыдан ынталандыру қажеттігін де айтты. 

Шынар АСАНҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу