Шығыс Қазақстанда техникалық мамандықтарға сұраныс болғанымен, мүмкіндік жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстанда техникалық мамандықтарға сұраныс болғанымен, мүмкіндік жоқ

03.02.2022

Кейінгі кезде жастар техникалық мамандыққа бет бұрып жатқанымен, білім ошақтарының мүмкіндігі талапқа сай келмей тұр. Бірінде ғимарат жетпесе, бірінің материалдық базасы жұтаң. Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласындағы политехникалық колледж өңірдегі 16 кәсіпорынға қажет кәсіп иелерін даярлайды. Бірақ білім ошағында оқуға ниеттілер көп болғанымен, орын шектеулі.

Шағын оқу орны жылына 110-120 студент қана қабылдайды. Алайда оны бітірген түлектерге өңірде сұраныс өте жоғары. Басқасын айтпағанда электрик, дәнекерлеуші сынды кәсіп иелерін кәсіпорындар аттай қалап алады. Сондықтан электрик мамандығын Арнат Нұрымхан да арнайы таңдаған. Дипломы қолына тие салысымен6 оған ірі өндіріс орнында жалақысы жоғары жұмыс дайын тұр.

Арнат Нұрымхан, студент:

Электрик мамандығы өте күрделі. Жай қатенің өзі адам өмірін алып кетуі мүмкін. Бұл мамандық қазіргі кезде бүкіл жерде қажет болып отыр.

Соңғы үш жылда Аягөздегі колледж 400-ден астам маман дайындады. Олардың 90 пайыздан астамы өз кәсібі бойынша зауыт, фабрикаларға жұмысқа тұрған. Сол себепті колледжде білім алғысы келетіндер көп. Бірақ оқу орны ғимаратының тарлығынан студенттердің саны шектеулі.

Жансая Кенжебаева, колледж директорының міндетін атқарушы:

Қазіргі таңда біздің ғимарат 280 сыйымдылыққа арналған. Ал заманның талабы бізге көбірек студенттерді оқытуды талап етіп отыр. Өйткені сұраныс бар. Аудан, қалалар бойынша да. Біздің материалдық базамыз мүмкіншілігі жеткілікті. Тек бізде ғимараттың тарлығы ғана болмаса.

Колледж басшылығы мәселе жақын арада реттеледі деп сенеді. Өйткені ел Президентінің өзі техникалық мамандарды оқытуға мейлінше мүмкіндік жасауды тапсырды.


Хабарламаларға жазылу