Келер жылдан бастап бюджеттік және әлеуметтік төлемақылар артады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Келер жылдан бастап бюджеттік және әлеуметтік төлемақылар артады

06.12.2015
Келер жылдан бастап бюджеттік және әлеуметтік төлемақылар артады
Әлеуметтік сала мен мемлекеттік басқаруда жұмыс істейтіндердің саны 1,2 миллион адамнан асады.

Тағы да қайталап кетейік, Жолдауда көтерілген бастамаларды жүзеге асыруға 7,2 триллион теңге қарастырылған. Президент әсіресе, әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарды ерекше айтты.

Бұл жолғы Жолдауда да Президент әлеуметтік саланы әлсіретпеу үшін бірқатар тапсырма берді: зейнетақы мен шәкірақыны өсіру, бюджеттен қаржыландырылатын ұстаздар мен дәрігерлер жалақысын көтеру. Жолдаудағы тағы бір жаңалық, Президент «баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» бағдарламасы басталатынын жариялады.

Жыл сайынғы Жолдаудан әркім өзіне керегін күтеді. Кәсіпкер жаңа бизнес көздері туралы айтыла ма деп елеңдейді, инвестор қай жерден, не ашамын деп жоспарлайды, мұғалім мен дәрігер жалақысының, зейнеткерлер зейнетақысының қашан және қаншаға өсетінін естігісі келеді.

Жолдауда халық күткен жаңалықтың ешбірі қалыс қалған жоқ. Тіпті, Жолдауда айтылған бірер өзгерістер әлеуметтік сенсацияға да баланды.
Келер жылдан бастап бірқатар сала қызметкерлерінің жалақылары көтеріледі Денсаулық сақтау саласы 28 пайызға дейін, білім беру саласы 29 пайызға, әлеуметтік қорғау қызметкерлерінің жалақысы 40 пайызға дейін, ынтымақтастық зейнетқасы инфляция деңгейінен екі пайыз артық индексацияланады.

«Б» корпусындағы мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақысы 30 пайызға дейін жоғарылайды. Мүгедектігіне және асыраушысынан айырылғандарға берілетін жәрдемақы мен шәкіртақы да 25 пайызға көбейеді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Серпінді экономикалық өсім көптеген жылдар бойы бізге белсенді әлеуметтік саясат жүргізіп, адамдардың өмір сапасын бірнеше есе арттыруға мүмкіндік берді.

Барлық жаһандық дағдарыстардың теріс ықпалына байланысты экономикамыз тап болған бүкіл қиындықтарға қарамастан, біз әркез қазақстандықтардың әл-ауқатын арттырып келдік.

Он жылда әлеуметтік салаға мемлекеттік шығындар нақты көрсеткіш бойынша 3 есеге жуық өсті.


Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылуы тұрғысындағы әлеуметтік жәрдемақылар көлемін 25 пайызға арттыруды тапсырды.

Дерек үшін айта кетейік, әлеуметтік сала мен мемлекеттік басқаруда жұмыс істейтіндердің саны 1,2 миллион адамнан асады. Ал 1,5 миллионнан астам азамат мемлекеттен жәрдемақы мен төлемақы алып отыр.

Сондай-ақ, мүгедек баласы бар аналарға Үкімет әлеуметтік қызметкер ретінде көмектесу керек. Олардың қызметін заңдастырып, ай сайын жалақы төлеу қажеттігіне де тоқталды. Ал, медицина саласы қызметкерлерінің жалақысы 2016 жылдың 1 шілдесінен бастап, 28 пайызға артатын болады. Мұндай жаңалық дәрігерлер үшін - үлкен қуаныш.

Елена Цхай, дәрігер-эндокринолог:
Қаншама қиын дағдарыс болып жатыр, әлемдегі экономиканың жағдайы қиын болса да, осы біздің дәрігерлер, мұғалімдер жалақысын көтеріп жатыр 28-29 пайызға. Оған өте қуаныштымыз. Және ең бастысы, елімізде тыныштық бар. Біз бейбітшілік заманда өмір сүріп жатырмыз.

Зейнетақы реформасы да Жолдаудан тыс қалған жоқ. Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылы зейнетақы активтері жеке қазақстандық немесе шетелдік компаниялардың басқаруына берілуі тиіс деп атап өтті. Зейнетақы қоры деген - Ұлттық қорға пара-пар дүние. Сондықтан, оны да басқару механизмін жетілдіру - кезек күттірмес шара.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап біз инфляция деңгейінің алдын ала отырып, ынтымақты зейнетақыны 2 пайызға индекстейміз. 2016 жылы «Б» корпусындағы мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысы 30 пайызға арттырылатын болады.

Бұл мақсаттарға қаржыны біз бюджеттік шығындарды оңтайландырғаннан кейін үнемдейміз. Осылайша, біз еңбекақыны өсіру үшін қаржы тауып, өзіміздің халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерімізді орындаймыз.


Осы тұсты тарқатып айтайық. 2015 жылдың 1 қаңтарындағы санақ бойынша, елімізде 1 миллион, 915 мың зейнеткер бар. Ең төменгі зейнетақы 23 629 теңге. Ал Жолдауда айтылған, 2 пайыздық үстеме тек ынтымақты зейнетақыға қатысты. Яғни, еңбек өтілі толық емес, 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін зейнетке шыққан азаматтарға арналған.

Жолдаудағы 10 сенсацияның тағы бірі-білім беруге қатысты. Елбасы 2017 жылы жаңа «Жалпыға бірдей тегін кәсіби-техникалық білім беру» жобасы жүзеге асатынын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мен 2017 жылдан бастап жаңа жоба – «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» бағдарламасы басталатынын жариялаймын. Үкіметке оны жасауға кірісуді тапсырамын. Бізге техникалық кадрлар дайындау жүйесін барынша дамыту қажет.

Техникалық және кәсіби білім беру инвестициялық саясаттың негізгі бағыттарының бірі болуы тиіс. Бұл үшін Германиямен, Канадамен, Австралиямен және Сингапурмен кадрлар дайындау орталығын бірлесіп құру керек. Олар бүкіл еліміз үшін техникалық және кәсіби білім беру жүйесінің моделі болады.

Жалпы, елімізде 800-ден аса кәсіптік-техникалық білім беру орындары бар. Онда 185 түрлі мамандық бойынша 530 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Осыған дейін 9 немесе 11 сынып бітірген немесе колледжге алғаш рет түскен түлек қана тегін білім алып келді. Енді бұл жалпыға ортақ болмақ.

Қадырбек Бөрібеков, «Кәсіпқор» Холдингі» КАҚ басқарма төрағасының орынбасары:

Мұндай үрдіс көптеген экономикасы алдыңғы қатардағы елдерде бар. Сондықтан, осы жоба біздің елдің экономикасының өскендігін, біздің елде адам капиталына, оны нығайтуға, оның біліктілігін көтеруге жасаған үлкен қадам болып отыр.

Еліміздің әрбір азаматының қолында біліктілігі жоғары кәсіби техникалық білімі болса, ол ешқашан далада қалмайды. Әркез оған екі қолға бір күрек табылады. Жұмыс тапқан адам табыс табады, табыс тапқан адам отбасын асырайды.

Жолдау кезінде Президент жастарды жұмысшы мамандығын меңгеруге шақырды. Тіпті, кезінде өзінің де жұмысшы киімін киіп, домна пешінің от-жалынында тұрғанын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазір техникалық мамандықтың, ғылым мен инновацияның күні туған заман. Ерінбей еңбек еткен адам ғана озады. Тұрмысы жақсы, абыройы асқақ болады. Біз атқарып жатқан реформалар мен қыруар істің бәрі сендер үшін. Болашақ үшін, жастардың болашағы үшін.

Елбасы әлеуметтік салаға қатысты осы айтылған реформаларды тиянақты жүзеге асыру үшін Үкіметке 2016 жылдың бірінші тоқсанында Еңбекпен қамтудың жаңа жол картасын әзірлеуді тапсырды. Жаңа жоба бойынша қаржылық қолдау өткен жылдармен салыстырғанда анағұрлым көп болады.

Айнұр ОМАР

Хабарламаларға жазылу