Электронды еңбек биржасымен 349 мыңға жуық азамат жұмысқа орналасып үлгерген
Мемлекеттік деңгейде маңыз беріліп отырған осы цифрландыру бағытындағы шаралар мемлекеттік сатып алулар ғана емес, өзге де салаларда нақты жемісін бере бастады. Соның бірі, елімізде бүгінге дейін электронды еңбек биржасымен 349 мыңға жуық азамат жұмысқа орналасып үлгерген. Бұл жүйе биылғы 1 қаңтардан бастап іске қосылды. Интернет портал Қазақстанның барлық мекемелері мен жұмыс іздеген адамдарды бір жерге түйістіріп отыр. Еңбек нарығындағы ұсыныс пен сұраныстың онлайн жүйеге көшуінің арқасында тұрғындарды жұмыспен қамту көрсеткіші 15 пайызға артқан.
Аида Сүйінова жоғарғы оқу орнын тәмамдаған соң бірнеше ай бойы тұрақты жұмыс таба алмай жүрді. Сөйтіп, жүргенде құрбысынан «enbek.kz» сайты жайлы естіп, түйіндемесін тапсырған. Көп ұзамай мемлекеттік мекемден шақырту алып, ойындағы қызметке орналасты.
Аида Сүйінова, Астана қаласы Сарыарқа аудандық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жетекші маманы:
- «Enbek.kz» сайтына резюме салдым. Сосын бір аптадан кейін жұмыс таптым. Қазір департаментте жетекші маман ретінде жұмыс істеймін.
Енді үйден шықпай-ақ, жұмыс берушілердің табалдырығын тоздырмай-ақ Қазақстандағы барлық вакансияларды көріп-білуге болады. Қазір сайтта 78 мыңға тарта жұмыс беруші тіркелген. Олар 45 мың бос жұмыс орнын ұсынып отыр.
Ербол Оспатов, Еңбек ресурстарын дамыту орталығының вице-президенті:
- Бұл жерде барлық қызметтер тегін көрсетіледі. Жұмыс беруші де, жұмыс іздеуші де ешқандай ақы төлемейді.
Ал, Қарағанды қаласында Жұмыспен қамту орталығы жыл басынан бері 15767 адамды жұмысқа орналастырған. Соның 10 мыңнан астамы «enbek.kz.» порталына өз түйіндемелерін қалдырып, 7 мыңға жуығы іздеген жұмысын тапқан. Бүгінде порталда облыстың 568 кәсіпорны мен басқа да мекемелердің жеке кабинеттері ашылды.
Айдос Естемесов, Қарағанды қалалық Жұмыспен қамту орталығының бөлім меңгерушісі:
- Бұрын бізге келген адамды көп ұстайтынбыз. Себебі, жұмыс берушілерге бос жұмыс орындары туралы қоңырау шалып сұрайтынбыз. Қазір электронды портал арқылы ол қажет емес. Өйткені, онлайн түрде жұмыс орнының бос әлде бос емес екенін көріп отырамыз.
Электронды жүйе іске қосылғалы бос жұмыс орнын іздеу, компаниялар мен мекемелер жайлы ақпаратты алу жеделдігі 80 пайызға артқан. Нәтижесінде жұмысқа орналастырудың орташа мерзімі 1 айдан 2 аптаға қысқарып отыр. Алдағы уақытта оның жұмысын одан әрі жетілдіре түсу көзделген.
Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
