Арыстағы ахуал: Әскери қоймадан тағы да дүмпу естілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Арыстағы ахуал: Әскери қоймадан тағы да дүмпу естілді

07.07.2019

Кеше сағат түскі 13:40-та Арыстағы әскери қоймадан тағы да дүмпу естілді. Жарылыстардан жүрегі шайлығып қалған тұрғындар тағы да өре түрегелді. Артынша, Қорғаныс министрлігі ресми мәлімдеме жасап, халықты сабырға шақырды. Айтуларынша, инженерлік-саперлік топ, қойманың маңайында  оқ-дәрі қалдықтарының көзін жойып жатқанда бір снаряд атылып, соңын ала өрт тұтанған. Әйтеуір, әскерилер аман. Өрт сөндірілді. Осы оқиғадан кейін Қорғаныс министрінің орынбасары Бақыт Құрманбаев шұғыл баспасөз жиынын өткізді. Айтуынша, тасымалдауға болмайтын оқ-дәрілер арнайы қалыппен тұншықтырылып, жоспарлы түрде жарылады. Одан жергілікті тұрғындарға ешқандай қауіп жоқ.

Алайда, алаң да, алаң, алаң жұрт. Әскери арсенал басқа жаққа көшіріліп, құрығанша арыстықтардың көңілі орнына түспейтіні анық. Қорғаныс министрлігі ондағы оқ-дәрі, қару-жарақтың саны мен көлемінің қанша екенін айтпады.  «Құпия»,- дейді. Бірақ үлкен вагондармен бірнеше ай тасылады деді.

Бүгінде 16 облыс, 1 қала жабылып, қаланы  қалпына келтіріп жатыр. Бір аптаның өзінде 800-ге тарта үйдің есік- терезесі бүтінделіп, шатырлары жамалды.

Айта кетейік, Арыста 9 мыңға тарта үй болса, жарылыстардан соның 6 мың 127 не зақым келген. Ал 27-не снаряд тура түсіп, сау тамтығы қалмаған.

Арыстағы қазіргі ахуалды Гүлжазира Ғалиқызы айтып береді.

 

Хабарламаларға жазылу