Жұма күні Ақордадан жарлық шығып, биліктің биігінде ауыс-түйістер болды. Соңғы алты жылдан астам уақыт Қызылорда облысын басқарған Қырымбек Көшербаев Президенті әкімшілігінің жетекшісі болып тағайындалды. 64 жастағы Көшербаев саясатта есім-сойы елге белгілі. Сан салада жауапты қызметтер атқарған тәжірибелі тұлға. Бірнеше министрлік пен облыстарды басқарды. Елші де болды. Кеше Мемлекет басшысы Президент Әкімшілігінің басшылық құрамымен кездесіп, жаңа жетекшіні таныстырды. Ал Қырымбек Көшербаевтың орнына Президент жарлығымен Қуанышбек Ысқақов отырды. 51 жастағы Ысқақов бұған дейін Қызылорда облысы әкімінің экономика, қаржы, әлеуметтік мәселелер бойынша орынбасары болған. Қызылордадағы ауыл шаруашылығы инженерлерінің институты мен политехника институтын тәмамдаған. Салық органдарында, қаржы мекемелерінде жұмыс істеген. Ал, Президент әкімшілігін үш ай басқарған Бақытжан Сағынтаев Алматы қаласының әкімі болып тағайындалды. Сағынтаев 2016 жылғы қыркүйектен биылғы жылдың ақпанына дейін ел үкіметін басқарды. Артынша 1 наурызда мемлекеттік хатшы болып тағайындалды. Араға жиырма күндей салып, 23 наурызда бұл қызметтен кетіп, Президент әкімшілігінің жетекшісі қызметіне ауысқан еді. Ал, 4 жылдай Алматыны басқарған Бауыржан Байбек Елордаға оралды. "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалды. Оны ұжымға Елбасының өзі таныстырды. Негізі, партияның алдына қойылған міндеттерді жүзеге асыру бағытында Бауыржан Байбектің тәжірибесі жеткілікті. 2013 жылдан 2015 жылға дейін дәл осы қызметте болған. «Болашақ» бағдарламасының түлегі, дипломатиялық қызметте және Президент Әкімшілігінде жұмыс істеді. - Байбектің Алматы қаласының әкімі лауазымындағы жұмысына да оң баға беруге болады, – деді Елбасы. Назарбаев партиялас экс-орынбасары Мәулен Әшімбаевқа атқарған жұмысы үшін алғыс айтып, алдағы қызметіне табыс тіледі. Әшімбаевтың әзірге қай қызметке тағайындалатыны белгісіз.