Қайғы бөліссең азаяды... Алтай мен Атыраудың, Арқа мен Алатаудың арасындағы жұртшылық Арыстағы ағайынды қырық күн қырғынға, мың күн сүргінге ұшыратпай, жұмыла жәрдемдесті. Ел халқы қилы да қиын сәтте біріге түсті. Әр облыста көмек қабылдау орталықтары ашылып, Арысқа азық-түлік, киім-кешек пен тұрмыстық тауарлар тиелген көмек керуендері жолға шықты. Жүректері елжіреген ел-жұрт, жас пен жасамыс, мысалы бизнесмендерден бастап, мемлекеттік қызметкерлер, тіпті, бір айлыққа қараған қарапайым тұрғындарға дейін қалтадағы барын беріп, қанатымен су септі. Көмек көрсету қорына соңғы ақпарат бойынша 721 миллион теңге жиналған. Еліміздің бірқатар өңірінде жастар таң сәріден қан тапсыру орталығына жиналды. Сөйтіп, қанға зәру науқастарға көмек көрсетіп, сауабы шалқардай шарапатты іс атқарды.Анығы, Арыс оқиғасы, ондағы қабырғаны қайыстырған қайғылы жағдай бүкіл елді біріктірді.