Дүйсенбідегі дүмпуден кейін дүрлігіп, ой мен қырға шашыраған жұрт жұма күні өз қоныстарына оралды. Төрт күн бойы Шымкент пен Түркістан облысы аумағындағы эвакуациялық орталықтарды паналағандар Арысқа арнайы көліктермен жеткізілді.Ол үшін жергілікті билік жолаушы тасымалдайтын 135 автобус жалдаған. Жол қауіпсіздігін 1000-ға жуық тәртіп сақшысы қамтамасыз етті. Жеке көліктерімен кеткендер де қалаға еш кедергісіз кірген. Жас пен жасамысты жөнімен жайғастырып, ретімен орналастыру үшін қала 17 секторға бөлінді. Әр секторға бір-бір облыс әкімдігі бекітілді. Қираған қаланы қалпына келтіру үшін әр өңірден 10 бригада, бас-аяғы 1 жарым мыңнан астам адам асарға барып, құрылыс жұмыстарын бастап та кетті.Арнайы бекітілген 640 адам әр үйге кіріп, қандай залал-зардап келгенін есептеп жатыр. Ал жарамсыз болып қалған үй тұрғындарына Арыстағы мектептен 800 орын дайындалған. Олар үйлері бастан-аяқ жөнделіп біткен соң, өз қоныстарына қайтады.Апат болған аймақтан апта бойы ақпарат таратқан Гүлжазира Ғалиқызы соңғы жаңалықтарды айтсын.